Accessibility links

Иран алты державамен келіссөзге ыңғай танытты


Тегерандағы әскери парад кезінде көрсетілген зымырандар. Иран, 22 қыркүйек 2017 жыл.
Тегерандағы әскери парад кезінде көрсетілген зымырандар. Иран, 22 қыркүйек 2017 жыл.

Иран батыстағы серіктестерімен қарым-қатынастағы шиеленісті шешкісі келеді. Бұл туралы Иран мен батыс елдерінің ресми өкілдері айтты деп хабарлайды Reuters агенттігі. Тегеран Иранның баллистикалық зымырандары туралы келіссөздерге дайын екенін білдірген.

Бұған дейін Иран билігі елдің қорғаныс қабілетін нығайту үшін зымыранды дамытуға әзір екені туралы әлденеше рет мәлімдеген. Бірақ Вашингтон Тегеранның бұл ниеті Иранның алты державамен келіссөз жүргізіп, қол жеткізген көпжақты келісімін бұзады деп мәлімдеген.

Жұма күні америкалық басылымдар АҚШ президенті Дональд Трамптың Иранмен жасалған ядролық келісімді бұзуға ниетті екені туралы хабарлады. Әскери басшылармен кеңестен кейін Трамп: "Бұл дауыл алдындағы тыныштық болар, сірә" деген. Кей болжамдарға қарағанда, Трамп бұл сөзімен АҚШ пен Солтүстік Корея арасындағы шиеленістің өршіп кеткенін меңзеп тұр. Ал New York Times болса, жағдайдан хабары бар адамдардың Трамп Иранмен арадағы қарым-қатынас туралы айтты деп санайтыны туралы жазған.

Егер Дональд Трамп Иранмен жасалған қолданыстағы келісімді растамаса, АҚШ Конгресінің Тегеранға қарсы жаңа санкциялар енгізу туралы шешім қабылдауына екі ай уақыты бар. Трамтың қандай шешім қабылдайтыны 15 қазанға дейін белгілі болмақ. Иранмен келісімнің күшін жою - Трамптың сайлауалды кампаниясы кезіндегі негізгі мақсаттарының бірі болатын деп хабарлайды ВВС.

XS
SM
MD
LG