Accessibility links

АҚШ билігі Лас-Вегастағы қырғынды тергеуге жұрттан көмек сұрады


Лас-Вегастағы Mandalay Bay қонақүйі мен арғы жағында әуеге көтеріліп бара жатқан президент ұшағы. АҚШ, 4 қазан 2017 жыл.
Лас-Вегастағы Mandalay Bay қонақүйі мен арғы жағында әуеге көтеріліп бара жатқан президент ұшағы. АҚШ, 4 қазан 2017 жыл.

АҚШ федералдық тергеу бюросы (FBI) мен полиция органдары Лас-Вегастағы 58 адам оққа ұшқан қылмыс оқиғасын тергеуге тұрғындардан көмек сұрады. Бұл қылмысқа күдікті 64 жастағы Стивен Пэддок қонақүй бөлмесінен өлі табылған.

Аймақ шерифінің орынбасары Кевин Макмэхилдің айтуынша, өткен жексенбінің кешінде музыка фестивалін тамашалауға келген жұртқа оқ атуға күдіктіні не итермелегені тергеушілерге әлі жұмбақ болып отыр.

Тергеушілер сан түрлі болжамды қарастырып көргенімен қылмыстың себебін анықтау ісінде тығырыққа тірелген. Күдіктінің жеке өмірі, саяси көзқарасы, өзге адамдармен қарым-қатынасы, ақшаға қатысты істері, түрлі радикалдық топтармен ықтимал байланысы – осының бәріне тергеушілер назар аударып, тексерген. Оның компьютерін, телефондарын, интернеттегі белсенділігін зерттеген. Арнайы қызмет өкілдерінің айтуынша, жаппай адам өлтірген өзге қылмыскерлермен салыстырғанда күдікті ешқандай мәлімдеме, манифест қалдырмаған, баспасөз құралдарымен немесе полициямен байланысуға әрекет жасамаған, әлеуметтік желілерді де пайдаланбаған.

Полиция күдіктінің "атыс кезінде Mandalay Bay қонақүйінің 32-қабатындағы бөлмеде жалғыз болғанына" сенімді. Бірақ, қылмыс жасалмас бұрын оған әлдекім көмектескен болуы да ықтимал, себебі бөлме ішіне соншама көп – 20-дан аса қару-жарақ апару жалғыз адамға өте ауыр болары анық. Күдіктінің меншігіндегі екі үйі мен қонақүйдің жер астындағы қабатына қойған көлігінен ондаған жартылай автоматты винтовка, оқ-дәрі және жарлығыш заттар табылған.

Билік орындары Лас-Вегастағы биллбордтарға қала тұрғындарына қарата айтылған: "Егер бірдеңе білсеңіз – айтыңыз" деген үндеуді іліп қоймақ.

Лас-Вегастағы атыс туралы видео:

XS
SM
MD
LG