Accessibility links

Ресейде Навальныйды қолдау акциясына шыққандар ұсталды


Ресей полициясы қарсылық акциясына келген адамдарды ұстап жатыр. Самара, 7 қазан 2017 жыл.
Ресей полициясы қарсылық акциясына келген адамдарды ұстап жатыр. Самара, 7 қазан 2017 жыл.

Бүгін Ресейдің бірқатар аймағында - Қиыр Шығыста, Самара, Ставрополь, Барнаул және өзге қалаларда оппозициялық саясаткер Алексей Навальныйдың жақтастары шерулер өткізіп жатыр. Оған қатысушылар биліктен қазір әкімшілік қамауда отырған Навальныйды алдағы жылы өтуі тиіс Ресей президенті сайлауына қатыстыруды талап еткен.

Якутск, Самара, Ижевск және Южно-Сахалинск қалаларында оппозициялық саясаткер Алексей Навальныйды қолдау акциясына қатысушыларды полиция ұстаған.

Самарадағы қарсылық акциясы өтіп жатқан Киров атындағы алаңнан егде жастағы әйелді полицияның төрт қызметкері әкетіп бара жатқаны бейнеленген фотосуретті белсенділер Twitter әлеуметтік желісінде жариялады.

Жергілікті белсенділердің айтуынша, Самарада кемінде бес адам ұсталған. Шараны ұйымдастырушы үш адамды алаңға жеткізбей жол-жөнекей ұстап, полиция бөлімшесіне алып барған.

Якутск қаласында да бірнеше адамның ұсталғаны туралы ақпарат тарады. Алексей Навальныйдың сайлауалды кампаниясының Урал, Сібір және Қиыр Шығыс аймақтары бойынша менеджері Олег Сновтың Twitter әлеуметтік желісі арқылы хабарлауынша, полицияға 5-6 белсенді мен жергілікті штаб үйлестірушісін апарған.

Ижевск қаласында полиция пикетке қатысушы бірнеше адамды алып кеткен. Саратовта үгіт мақсатында әуе шарларын ұстап шыққан екі белсендіні ұстаған.

Алексей Навальный мен оның сайлауалды штабының басшысы Леонид Волков қазір әкімшілік қамауда отыр. Мәскеу соты екеуін "рұқсат етілмеген митингіге шақырғаны" үшін 20 тәулікке қамау туралы шешім шығарған.

XS
SM
MD
LG