Accessibility links

Қырғызстанның сайлау және референдум өткізу жөніндегі орталық комиссиясы бүгінгі отырысында ел президенттігіне кандидат Бакыт Торобаевтың тіркеуін жойды. Азаттыққа комссияның хабарлауынша, мұндай шешім кандидаттың берген өтініші негізінде бірауыздан қабылданған.

6 қазанда Жалал-Абад облысы Кочкор-Ата кентінде сайлаушылармен кездесу кезінде "Онугуу-Прогресс" партиясының лидері Бакыт Торобаев осы сайлауда Қырғызстан президенттігіне кандидат Өмірбек Бабановқа жол беріп, өз кандидатурасын алып тастау ниеті барын мәлімдеген.

Әу баста Қырғызстан президенттігіне кандидат болып тіркелген 13 үміткерден қазір 11 адам қалды. Бұған дейін "Ата-Жұрт" партиясының теңтөрағасы Камчыбек Ташиев Қырғызстан социал-демократиялық партиясының кандидаты Сооронбай Жээнбековті қолдайтынын айтып, сайлаудан бас тартқан.

Бакыт Торобаев 17 қыркүйекте "Республика – Ата-Жұрт" фракциясының лидері Өмірбек Бабановпен тандем құратыны туралы мәлімдеген. Саясаткерлер арасындағы келісім бойынша, егер Бабанов президент болып сайланса, Торобаевқа премьер-министр қызметі ұсынылады.

Бұған дейін орталық сайлау комиссиясы сайлаудан шығып қалған кандидаттардың аты-жөнін басылып, дайын тұрған сайлау бюллетеньдерінен жергілікті сайлау комиссияларының мүшелері қолдан сызып тастайды деп хабарлаған. Қырғызстан президентінің сайлауы 15 қазанға белгіленген.

Пікіріңіз

Оқырман пікірлері

AzattyqTV

XS
SM
MD
LG