Accessibility links

Лондон көшесінде автокөлік жаяу адамдарды қаққан


Лондон көшесіндегі полиция қызметкерлері. 19 маусым 2017 жыл. (Көрнекі сурет.)
Лондон көшесіндегі полиция қызметкерлері. 19 маусым 2017 жыл. (Көрнекі сурет.)

Сенбі күні Лондонның орталығында автокөлік тротуармен кетіп бара жатқан жаяу адамдарды қаққан. Полиция оқиғадан бірнеше кісі жарақат алғаны туралы хабарлады. Қаза болғандар туралы ақпарат түскен жоқ. Зардап шеккендерді жедел жәрдем көлігі ауруханаға алып кеткен.

Төтенше оқиға оңтүстік Кенсингтон ауданында, Лондон жаратылыстану мұражайының жанында болған. Оқиға болған маңды қарулы полиция қоршауға алған. Кемінде бір адам ұсталған, оның кім екені әзірше белгісіз.

Ақпарат агенттіктерінің хабарлауынша, британ полициясы бұл оқиғаны терактіге жатқызбайды.

Ұлыбритания астанасында биыл жазда көпшілік орындарда бірнеше шабуыл жасалып, бейбіт адамдар қаза болған еді. 19 маусымға қараған түні Лондондағы мешіттің қасында фургон жаяуларды қағып, бір адам өліп, 10 адам жараланған. Билік "теракт" деп атаған оқиғаға күдіктіні жергілікті тұрғындар ұстап, полицияға тапсырған. 3 маусымда Лондон көпірінде қатты жылдамдықпен келген фургон жаяу адамдарды басып өткен. Көліктен түсе сала көшедегі жұртқа пышақпен шабуылдаған үш адамды полиция атып өлтірген. Терактіден жеті адам қаза тауып, ондаған адам жараланған. Шабуыл жауапкершілігін "Ислам мемлекеті" экстремистік тобы мойнына алған.

XS
SM
MD
LG