Accessibility links

Ресейдегі қарсылық шерулерінде екі жүзден аса адам ұсталған


Полиция оппозиционер Алексей Навальныйды қолдау акциясына қатысушыны әкетіп барады. Санкт-Петербург, 7 қазан 2017 жыл.
Полиция оппозиционер Алексей Навальныйды қолдау акциясына қатысушыны әкетіп барады. Санкт-Петербург, 7 қазан 2017 жыл.

7 қазанда Ресейдің бірқатар қалаларында оппозициялық саясаткер Алексей Навальныйдың жақтастары наразылық акцияларын өткізді. Олар биліктен әкімшілік қамауда отырған Навальный мен оның серіктерін босатуды, келер жылға белгіленген Ресей президенті сайлауына Алексей Навальныйдың қатысуына бөгет қоймауды талап етті. Сонымен бірге наразылар дәл осы күні 65 жасқа толған Ресей президенті Владимир Путинді сынады.

Нақтыланған мәлімет бойынша, сенбі күні Ресейдің 26 қаласында наразылық шерулеріне қатысқан 271 адамды полиция ұстаған. Соның ішінде Ярославль қаласында 57, Краснодарда – 21, Липецкіде – 20 адам ұсталған. Бұларға қоса Калининград, Пермь, Псков, Саранск, Селятин, Сочи, Ставрополь, Тверь, Тюмень және Якутск қалаларында да қарсылық акцияларына шыққан адамдар ұсталған. Краснодарда ұсталған бір адамды үш тәулікке қамаған.

Ресей астанасында наразылық шеруіне қатысқандардың ешбірін полиция ұстамаған. Жұртты осы шеруге шығуға шақырғаны үшін сот шешімі бойынша әкімшілік қамауда отырған Алексей Навальный полицияның Мәскеудегі шеруде ешкімді ұстамауының себебі жайлы "Дождь" телеарнасы тілшісінің сауалына: "Кремльдің ойыны" деп қана жауап беріп, өзге комментарий беруден бас тартқан. Навальный "асығыстау" ұйымдастырылғанына қарамастан наразылық акцияларының нәтижесі "жақсы" болып шыққанын айтқан.

Санкт-Петербург қаласында аймақтық ішкі істер басқармасының баспасөз хатшысының "Новая газета" басылымына берген мәліметі бойынша, сенбі күні барлығы 38 адам ұсталған. Полиция бөлімшелеріне жеткізілген оларға ауызша ескерту жасағаннан кейін барлығын босатқан. Полиция оларды жол қозғалысы ережесін бұзушылар ретінде тіркеген.

Сол тәрізді Екатеринбург, Ижевск, Нижний Тагил, Ростов, Самара, Саратов, Тула, Тюмень және Южно-Сахалинск қалаларында да ұсталған адамдарды полиция босатқан.

Сенбі күні Навальныйды қолдау шеруі аяқталғаннан кейін де Мәскеудегі Манеж алаңында бірнеше ондаған адам қалған. Уақыт қазанның 8-іне ауған кезде полиция оларды алаңнан метроға қарай күштеп ығыстырып, тарата бастаған. "Открытая Россия" қоғамдық ұйымы 11 адамның ұсталғаны туралы хабарлады.

Ресейде 7 қазанда өткен қарсылық шерулері туралы видео:

Ресейде Навальныйдың жақтастары наразылық акцияларын өткізді
please wait

No media source currently available

0:00 0:02:01 0:00

XS
SM
MD
LG