Accessibility links

Солтүстік Кореяның партия басшылығында ауыс-түйіс болды


Солтүстік Корея басшысы Ким Чен Ын жеміс-жидек өнімдері туралы нұсқау беріп тұр. (2017 жылғы 21 қыркүйекте таратылған сурет.)
Солтүстік Корея басшысы Ким Чен Ын жеміс-жидек өнімдері туралы нұсқау беріп тұр. (2017 жылғы 21 қыркүйекте таратылған сурет.)

Солтүстік Корея жетекшісі Ким Чен Ын ядролық қаруды ел егемендігінің кепілі болатын "қуатты тежеуші фактор" деп атаған. Ол бұл туралы сенбі күні Корея еңбек партиясы орталық комитетінің пленумында мәлімдеді деп хабарлады бүгін Солтүстік Кореяның мемлекеттік басылымдары. Пленумда сөйлеген сөзінде Ким Чен Ын ел тап болған "күрделі халықаралық жағдай" туралы айтқан. Оның сөзінше, Солтүстік Кореяның ядролық қаруы – "Корей түбегі мен Солтүстік-Шығыс Азия аймағындағы бейбітшілік пен қауіпсіздікті сенімді түрде қорғайтын, қуатты тежеуші фактор". Ол "америкалық импералистердің ядролық қауіп-қатері жалғасып отырғаны" туралы мәлімдеген.

Мемлекеттік басылымдар таратқан Ким Чен Ынның сөзінде Солтүстік Кореяның ядролық қару және экономиканы қатар дамыту саясаты ("бюнджин") – "аса дұрыс" екені айтылған.

Пленумда Ким Чен Ынның қарындасы Ким Йо Чон елдің ең жоғарғы билік органы – ағасы басқаратын саяси бюроның мүшелігіне кандидат болып қабылданды. Оңтүстік Корея басылымдарының жазуынша, 28 жастағы Ким Йо Чонның бұл тағайындалуы ол бұған дейін елдің бұрынғы басшысы Ким Чен Ирдың тұсында маңызды шешімдерді дайындаумен айналысқан туыс әпкесі Ким Гон Хэні алмастыратынын білдіреді. Қаңтар айында АҚШ билігі Солтүстік Кореяның өзге де шенеуніктерімен бірге Ким Йо Чонды да "адам құқықтарын бұзғаны үшін" қара тізімге енгізген.

Оңтүстік Корея баспасөзі жоғары биліктегі ауыс-түйістер Солтүстік Кореяны қазіргі тығырықтан шығару үшін Ким Чен Ынның жаңа саясаткерлер буынын қызметте өсіруді ұйғарғанын көрсетеді деп жазады. Өткен айда БҰҰ Бас Ассамблеясында сөйлеген сөзінде АҚШ президенті Дональд Трампты "зұлымдық президенті" деп атаған Солтүстік Кореяның сыртқы істер министрі Ли Ён Хо осы жолғы пленумда саяси бюроның толық мүшесі мәртебесіне ие болған.

XS
SM
MD
LG