"Өзбекгидроэнерго" компаниясы Қырғызстандағы "Қамбарата-1" ГЭС-інің құрылысына қатысуды көздеп отыр. Бұл туралы Өзбекстан сыртқы істер министрлігі хабарлады.
6 қазанда "Өзбекгидроэнерго" мен Қырғызстанның "Ұлттық энергетикалық холдингі" "Қамбарата-1" ГЭС-інің құрылысы бойынша әріптестік орнату туралы меморандумға қол қойған. Құжат Қырғызстан президенті Алмазбек Атамбаевтың Өзбекстанға сапары кезінде қабылданды.
Бұған дейін Атамбаев, Өзбекстан президенті Шавкат Мирзияевпен кездесуінен соң, екі мемлекет "Қамбарата-1" ГЭС-ін бірге салуға келіскенін мәлімдеген.
Бұған қоса, Атамбаевтың сапары нәтижесінде тараптар тағы бес құжат қабылдаған. Атап айтқанда, Қырғызстан 2017-2018 жылдары Өзбекстанға электр қуатын жеткізеді, екі ел Қырғызстанның Жалалабад облысындағы Токой су қоймасын бірге пайдаланады.
Бұған қоса, мемлекет басшылары 1 желтоқсанға дейін қырғыз-өзбек шекарасының қалған 15 пайызын нақтылауға уағдаласқан.