Тәжікстан президенті Эмомали Рахмонның ағасы Нуриддин Рахмон 7 қазанда 67 жасында жүрек талмасынан қайтыс болды. Марқұмды 8 қазанда туған жері Хатлон облысының Дангар ауданына ата-анасының қабірі қасына жерледі. 7 қазан күні кешке президент Эмомали Рахмон отбасымен бірге ағасымен қоштасу үшін Дангар ауданына барды.
Азаттықтың Тәжік редакциясының (Радио Озоди) Дангардағы дереккөздері 8 қазан күні таңертеңнен бастап аудан орталығына баратын жолдар жабылып, қауіпсіздік шаралары күшейтілгенін хабарлады. Нуриддин Рахмон мемлекеттік қызмет атқармаған және соңғы жылдары зейнетте болған.
Радио Озоди сөйлескен кейбір сарапшылар Нуриддин Рахмонның бауыры Эмомали Рахмонның көлеңкесінде қалғанын, кейбірі оның керісінше үкімет құрылымдарындағы кадр мәселесінде үлкен ықпалға ие болғанын айтады.
65 жастағы Эмомали Рахмон Тәжікстанды 25 жылдан астам уақыт үздіксіз басқарып отыр. Тәжікстанда өткен жылы конституцияға Рахмонның сайлауға шексіз қатыса беруіне мүмкіндік беретін түзөетулер енгізілген. Түзетулер бойынша, президенттікке кандидаттың жасына шектеу қойылмайтындықтан Эмомали Рахмонның ұлы, Душанбе мэрі Рустам Эмомалидің 2020 жылы өтетін президент сайлауына кандидатурасын ұсынуына жол ашылған.