Accessibility links

Ресейде жол апатына ұшыраған өзбекстандықтар еліне жеткізілді


Владимир облысында пойызбен соқтығысып, қираған автобус. Ресей, 6 қазан 2017 жыл.
Владимир облысында пойызбен соқтығысып, қираған автобус. Ресей, 6 қазан 2017 жыл.

Өзбекстан қорғаныс министрлігінің әскери транспорттық ұшағы Ресейдің Владимир облысында қазақстандық автобуспен жол апатына ұшыраған өзбекстандық азаматтарды елге алып келді. "Узбекистан 24" телеарнасының хабарлауынша, ұшақ сонымен қатар апаттан қаза тапқан өзбек азаматтарының мәйіттерін де елге жеткізген.

Мәскеу түбіндегі Жуковс қаласының Раменское аэродромынан ұшып шыққан Ил-76 ұшағында апатқа ұшыраған 36 адам мен олардың бес туысы болды. Ұшақ Термезге Сурхандария облысының 22 тұрғыны мен қаза тапқан 15 адамның мәйітін жеткізіп, одан ары Ташкентке ұшып кетті.

Зардап шеккен үш адам, оның ішінде бес жастағы қыз Владимир облысында ауруханада жатыр. Олар еліне денсаулықтары жақсарған соң жеткізіледі.

6 қазан күні түнде Владимир облысында теміржолда тұрып қалған жолаушылар автобусы Санкт-Петербург - Нижний Новгород бағытында келе жатқан пойызбен соқтығысқан. Апат салдарынан автобустағы 17 адам қаза тапқан. Құрбандардың біреуі - автобус жүргізушісі Қазақстан азаматы, қалған Өзбекстан азаматтары. Қазақстан билігінің ақпараты бойынша, Mercedes маркалы автобус Оңтүстік Қазақстан облысының Сарыағаш ауданында тіркелген және халықаралық бағытта жолаушылар тасымалдауға лицензиясы болған.

XS
SM
MD
LG