Accessibility links

Министрлік: "СК-Фармация" басшысының неге ұсталғаны белгісіз


Максим Касаткин, "СК-Фармация" компаниясының басқарма төрағасы.
Максим Касаткин, "СК-Фармация" компаниясының басқарма төрағасы.

Қазақстан денсаулық сақтау министрлігі "СК-Фармация" компаниясында осы компанияның басқарма төрағасы Максим Касаткиннің не себепті ұсталғаны және оған қандай айып тағылғаны туралы мәлімет жоғын хабарлады. Министрлік қазір "2015 жылғы дәрі-дәрмек пен медициналық өнімдер сатып алуға қатысты тергеу шаралары" жүргізіліп жатқанын айтады.

Қазақстандағы бірден бір дәрі-дәрмек жеткізуші компанияның басшысы Максим Касаткиннің ұсталғаны туралы жергілікті агенттіктер 7 қазан күні кешке хабарлаған.

37 жастағы Касаткин компания төрағасы болып 23 ақпанда, бұрынғы басшылық Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың сынына ұшырап, қызметінен босатылған соң тағайындалған. Кейін Астана соты "СК-Фармация" компаниясынан монополияға қарсы заңнаманы бұзу ісі бойынша 1,3 миллиард теңге өндіріп алуға шешім шығарған.

3 ақпанда Нұрсұлтан Назарбаев үкіметтің кеңейтілген отырысында денсаулық сақтау министрінен "СК-Фармациядан" "барлығын қуып шығуды" талап етіп, басшылығын жаңартуды тапсырған.

"СК-Фармацияның" ақпаратына қарағанда, компания республикалық бюджет есебінен медициналық техниканы сатып алып, оны ары қарай медициналық мекемелерге қаржылық лизинг шартымен беруді ұйымдастырады. Компания 2009 жылы үкіметтің шешімімен құрылған және "Самұрық-Қазына" ұлттық әл-ауқат қорының құрылымына кірген. 2013 жылдың мамырынан бастап "СК-Фармация" жүз пайыз акциясына иелік ету және басқару құқығы денсаулық сақтау министрлігіне берілген.

XS
SM
MD
LG