Бүгін Шымкенттегі Абай аудандық соты "пара алған" деген күдікпен ұсталған Оңтүстік Қазақстан облыстық әкімдігі ішкі саясат басқармасының бастығы Болатбек Төлегеновті екі айға тұтқындау туралы шешім шығарды. Бұл туралы ақпаратты Азаттыққа Абай аудандық сотының судьясы Еркен Отарбаев растады.
Тергеу орындары 1980 жылы туған Болатбек Төлегеновтің үстінен қылмыстық кодекстің "пара алу" бабы бойынша іс қозғаған.
Бұған дейін, 6 қазанда сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюросы облыс әкімдігінің ішкі саясат басқармасының басшысы "пара алған" деген күдікпен ұсталғаны туралы хабарлаған. Ұлттық бюро ақпаратында күдіктінің "ақпараттық қызметті мемлекеттік сатып алу туралы келісім бойынша төлем үшін пара алу" кезінде ұсталғанын айтылған. "Ақшаны алуға делдал болған бөлім бастығы Н.Р.Шалкееваның кінәсін толық мойындауына байланысты, оны процессуалдық негіз бойынша ұстамаған" делінген хабарламада.