Accessibility links

Грузия президенті конституцияға өзгерістер жобасына вето қойды


Георгий Маргвелашвили, Грузия президенті.
Георгий Маргвелашвили, Грузия президенті.

Грузия президенті Георгий Маргвелашвили конституцияға елде парламенттік басқару жүйесін орнатып, президентті парламент сайлайтын тәртіп енгізетін түзетулер жобасына вето қойды.

"Грузия арманы" партиясы басымдыққа ие парламент түзетулер жобасын өткен аптада Маргвелашвили мен оппозицияның қарсылығына қарамастан мақұлдаған.

9 қазанда телеарнадан мәлімдеме жасаған Маргвелашвили президентті жалпыхалықтық дауыс беру арқылы сайлау жүйесін қалдыра беру қажетін айтты.

Маргвелашвили сонымен қатар парламент сайлауына дауыс берудегі "бонустық" жүйені жоюды қолдайтынын айтты. Бұл жүйе бойынша, парламентке өте алмаған партияның жинаған даусы жеңген партияға өтеді.

"Грузия арманы" партиясының депутаттары президент наразы болған екі нәрсе - партиялардың сайлау блоктарын құруына мүмкіндік беру және дауыс берудегі "бонустық" жүйені жою бойынша ымыраға келуге дайын екенін айтады.

Конституцияға түзетулер енгізу жобасы қазір парламентке жіберілді. Парламентте биліктегі партия басымдыққа ие болғандықтан, президенттің ветосын еңсеруі мүмкін.

Түзетулер жобасында бұдан өзге шетелдіктердің жер сатып алуын заңдастыратын өзгерістер де қарастырылған.

Грузияда келесі президент сайлауы 2018 жылы өтеді. Маргвелашвили сайлауға түсетінін, я түспейтінін әлі білдірген жоқ.

XS
SM
MD
LG