Accessibility links

Шымкент соты "Төлешов ісіндегі" үшінші адамға үкім шығарды


Шымкенттегі Еңбекші аудандық соты, Оңтүстік Қазақстан облысы, 12 шілде 2017 жыл (Көрнекі сурет).
Шымкенттегі Еңбекші аудандық соты, Оңтүстік Қазақстан облысы, 12 шілде 2017 жыл (Көрнекі сурет).

Шымкенттің Еңбекші аудандық соты "Тоқтар Төлешов ісінде" "Шымкент сыра" жауапкершілігі шектеулі серіктестігі (ЖШС) директорының бұрынғы орынбасары Алексей Носковқа үкім шығарды. Азаттық тілшісінің хабарлауынша, сот Носковтың бас бостандығын үш жылға шектеп, үш жыл коммерциялық құрылымдарда басшылық қызметтерді атқару құқығынан айыруға үкім етті.

"Шымкент сыра" ЖШС директорының бұрынғы орынбасарына "салықтан жалтару" және "қылмыстық құқық бұзушылыққа сыбайласа қатысу" баптары бойынша айыптар тағылған.

Алексей Носков "сот отырысында тергеу шараларына көмектескені және өз қылмысын толық мойындағаны" үшін рақымшылыққа ілініп, үш жылға бас бостандығын шектеу жазасынан босатылды.

Бұған дейін "Төлешов ісінде" Светлана Лукина Қылмыстық кодекстің 245-бабының 3-бөлігі ("Ұйымдарға салынатын салықты және бюджетке төленетiн басқа да мiндеттi төлемдердi төлеуден жалтару") және 250-бабының 1-бөлігімен ("Өкiлеттiктердi терiс пайдалану") айыпты деп танылып, төрт жылға шартты түрде бас бостандығынан айырылып, үш жылға коммерциялық ұйымдарда басшылық қызмет атқаруына шектеу қойылғаны хабарланған. Бұл іс бойынша Мадияр Мұсаевқа бас бостандығын үш жылға шектеп, өмір бойы мемлекеттік қызметте істеу құқығынан айыру туралы үкім шыққан.

35 жастағы Мадияр Мұсаев Қылмыстық кодекстің 361-бабының 2-бөлігімен ("Лауазымдық өкiлеттiктерді теріс пайдалану") айыпты деп танылған. Оған рақымшылық заңы қолданылып, негізгі айыбынан босатылған.

Оқыңыз: Төлешов мүлкі тәркіленіп, 21 жылға сотталды

Прокуратураның келісімімен мемлекеттік қызметкерлердің ісі Тоқтар Төлешовтың ісінен жеке қаралатын болған.

XS
SM
MD
LG