Орал әуежайына Air Control компаниясының ұшағы шассиі ашылмаған күйі қонды деп хабарлады индустрия және даму министрлігінің азаматтық авиация комитетіне сілтеме жасаған жергілікті агенттіктер.
Әуе оқиғасы 10 қазан күні сағат 20:56-да болған. Ұшақта экипаждың үш адамынан өзге кісі болмаған. Төтенше оқиғадан ешкім зардап шекпеген.
Комитет ақпаратына қарағанда, ұшақ Орал әуежайының ұшу-қону жолағы навигациялық жүйесін аралап ұшып жүрген.
Tengrinews.kz сайтының Орал әуежайының директоры Хайретдин Рысқалиевке сілтеме жасап хабарлауынша, Super King Air 350 ұшағының алдыңғы терезесіне құс соқтыққан. Төтенше оқиғадан ұшу-қону жолағы зақымданбаған, әуежай қалыпты жұмыс істеп тұр.
Былтыр 27 наурызда Bek Air әуе компаниясының 2041-рейсімен Қызылордадан ұшып келген Fokker-100 ұшағын экипаж Астана әуежайына алдыңғы шассиі ашылмаған күйі қондырған еді. Ұшақтағы адамдар зардап шекпеген.