Accessibility links

ТМД елдері басшыларының келесі жиыны Душанбеде өтеді


ТМД елдері мемлекет басшалырының жиыны. Сочи, 11 қазан 2017 жыл.
ТМД елдері мемлекет басшалырының жиыны. Сочи, 11 қазан 2017 жыл.

Сочиде ТМД елдері басшылары кеңесінің жиыны аяқталды. 11 қазанда өткен жиында ТМД елдерінің басшылары табысты жымқыру мен терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл саласындағы ынтымақтастық концепциясы, коррупцияға қарсы іс-қимыл концепциясы мен басқа да бірнеше құжатты бекітті.

Жиынның ашылуында сөйлеген Ресей президенті Владимир Путин ТМД елдерінің жаңа өзара тиімді жобаларды іске қосуына мүмкіндігі жеткілікті екенін мәлімдеді. Ол саммитте экономикалық тақырыптар мен сауда-инвестициялық байланыстарды дамытуға және тауар мен қызмет көрсету жолында тұрған кедергілерді жоюға көңіл бөлінетінін айтты.

Жиында ТМД-ға төрағалық ету қызметі Тәжікстанға жүктелді. ТМД елдері мемлекет басшылары кеңесінің келесі жиыны 2018 жылы қазанда Душанбеде өтетін болды. Жиында сөйлеген Тәжікстан президенті Эмомали Рахмон өз елі төрағалық жасайтын кезде қауіпсіздік пен тұрақтылықты қамтамасыз ету мәселесі алда тұратынын айтты. "Біз ТМД аясында қабылданған ғаламдқ қауіп-қатерлермен күрес бойынша шешімдер мен бағдарламалық құжаттардың іске асырылуына барынша ықпал етеміз. Олар - терроризм, экстремизм, есірткі контрабандасы және трансұлттық ұйымдасқан қылмыстың басқа да түрлері" деді Эмомали Рахмон.

Жиынға Ресей мен Тәжікстан президенттерінен өзге Армения президенті Серж Саргсян, Әзербайжан президенті Ильхам Әлиев, Беларусь президенті Александр Лукашенко, Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев, Молдова президенті Игорь Додон, Өзбекстан президенті Шавкат Мирзияев, Түркіменстан президенті Гурбангулы Бердімұхамедов және Қырғызстан премьер-министрі Сапар Исаков қатысты.

XS
SM
MD
LG