Accessibility links

Әндіжанда саудагерлерді жаппай мақта теруге жіберіп жатыр


Өзбекстанның Әндіжан қаласындағы ең ірі "Жахон бозори" базары.

Өзбекстанның Әндіжан қаласындағы ең ірі "Жахон бозори" мақта теру науқаны басталуына байланысты жабылып қалды. Азаттықтың Өзбек редакциясы тілшісінің хабарлауынша, облыстың көптеген аудандарында бірнеше базардың жұмысы тоқтатылған. Әндіжандықтар мұндай шешімге наразы болып отыр.

"Жахон бозори" көтерме базары бейсенді және жексенбі күндері ғана жұмыс істейді. Қалған күндері жабық тұрады.

"Әндіжан облысының барлық аудандарындағы кәсіпкерлер осы базардан тауар алады. Ислам Каримов басқарған тұста мақта теру науқаны барысында бұл базарды ешқашан жапқан емес. Енді саудагерлерге өз дүкендерін ашуға рұқсат бермей отыр" деді жергілікті тұрғын.

Әндіжан облысының Ізбасқан ауданы кәсіпкерлерінің айтуынша, өткен осы аптаның басындағы нөсер жауыннан соң билік тұрғындарды жаппай мақта теруге жөнелткен.

22 қыркүйекте облыс басшысы Шухратбек Абдурахманов жергілікті шенеуніктерге мұғалімдер, студенттер, оқушылар мен дәрігерлерді мақта теруге жұмылдырса қызметінен айырылып қана қоймай, қылмыстық жауапқа тартылатынын да ескерткен. Ал 4 қазанда Әндіжан облысының мұғалімдері мен дәрігерлері жаппай мақта теруге тартылды.

5 қазанда осы облыстың Улугнор ауданының әкімі, 57 жастағы Асилбек Юсупов жүрек талмасынан қайтыс болды. Азаттықтың Өзбек редакциясының дереккөзінің айтуынша, Юсуповтің денсаулығы облыс басшысы оны мақта теру көлемін азайтқаны үшін тілдеген соң нашарлаған.

AzattyqTV

XS
SM
MD
LG