Accessibility links

Теміртауда өндірісте зардап шеккен жұмысшылар жағдайы хабарланды


Теміртаудағы "АрселорМитталТеміртау" компаниясы металлургиялық комбинатының №1 метал илейтін цехы (Көрнекі сурет).
Теміртаудағы "АрселорМитталТеміртау" компаниясы металлургиялық комбинатының №1 метал илейтін цехы (Көрнекі сурет).

Теміртаудағы "АрселорМитталТеміртау" компаниясының кәсіпорнында "газ тұтануынан" зардап шегіп, ауруханаға түскен алты жұмысшының үшеуінің жағдайы "ауыр", үшеуінің халі "тұрақты, орташа ауыр". Жұмысшылар түскен Теміртау қаласының орталық ауруханасында Азаттыққа үш жұмысшының жағдайы ауыр екенін және олардың әлі тексеріліп жатқанын хабарлады. Тағы үш адам жатқызылған Мақажанов атындағы клиниканың күйік бөлімінде дәрігерлер қазір оларды қарап жатқанын айтып, кейінірек, операция жасап жатқан дәрігер босаған соң хабарласуды сұрады.

"АрселорМитталТеміртау" компаниясы төтенше оқиғадан зардап шеккен жұмысшылардың аты-жөнін жариялады. Газдан құтқарушы, 48 жастағы С.Толстов, газ желілері бөлімінің 50 жастағы жұмысшысы С.Клюско мен жылыту және жылуды реттеу маманы 49 жастағы В.Редькинді термиялық күйік шалған. Қазір олар Мақажанов атындағы облыстық травматология және ортопедия орталығының күйік бөлімінде жатыр. Дәрігерлер олардың жағдайын "тұрақты, ауырлығы орташа дәрежеде" деп бағалап отыр.

Газ желілері учаскесінің 38 жастағы маманы Е.Маханов пен газ цехының газбен дәнекерлеушісі К.Лукашев және №1 газды күшейту станциясының учаскелік слесарі 41 жастағы В.Семейченко Теміртаудағы орталық ауруханада дәрігерлердің ұдайы бақылауында жатыр. Олардың жағдайы ауыр.

"Барлық зардап шегушіге қажетті медициналық көмек көрсетіліп жатыр. Факт бойынша тергеу жүргізіліп жатыр" деп хабарлады компания.

Теміртаудағы "АрселорМитталТеміртау" компаниясының металлургиялық комбинатында бейсенбіде төтенше жағдай болып, алты адам жараланған. Компания баспасөз қызметінің хабарлауынша, төтенше оқиға 12 қазан күні жұмысшылар №1 газ құбырында жұмыс істеп жатқанда болған.

Газ цехының төрт жұмысшысы, кокс цехының бір жұмысшысы мен газдан құтқару қызметінің бір жұмысшысы зардап шеккен.

Қарағанды облыстық ішкі істер департаментінің баспасөз хатшысы Бақытжан Құдияров журналистерге Теміртаудағы металлургиялық комбинаттың №1 кокс батереясындағы жарылыс бойынша "Еңбекті қорғау ережелерін бұзу" бабымен тергеу жүргізіліп жатқанын айтты.

XS
SM
MD
LG