Accessibility links

Астана қырғыз премьерінің сөзін жоққа шығарды


Астанадағы Қазақстанның үкімет үйі
Астанадағы Қазақстанның үкімет үйі

12 қазанда Қазақстан премьер-министрінің вебсайтында Қырғызстан премьерінің бір күн бұрын "Қазақстан президентімен қазақ-қырғыз шекарасындағы ахуалды талқылағаны туралы" мәлімдемесін терістейтін ақпарат жарияланды.

Ресми жазбада: "Біріншіден, Сочиде (РФ) Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңес отырысының аясында Қазақстан Президенті мен Қырғызстан Премьер-Министрінің келіссөздері өткізілген жоқ. С. Исаков мырзаның жеке Facebook парақшасында орналастырылған фотосуретте расталғандай, оның біздің Елбасымызға жақындап келуі ғана орын алды. Екіншіден, Қазақстан Президентінің «шекарада туындаған барлық мәселелерді шешу бойынша Қазақстан Үкіметіне тапсырма бергендігі» туралы ақпарат шындыққа жанаспайды. Ақиқатында, Үкіметке аталған мәселе бойынша үкіметаралық консультация өткізу туралы тапсырма берілді" деп көрсетілген.

Бұған дейін Қырғызстан премьер-министрі Сапар Исаков 11 қазанда Facebook парақшасында Сочиде өткен ТМД саммиті кезінде Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа қазақ-қырғыз шекарасындағы ахуал туралы баяндағанын хабарлаған.

10 қазаннан бері екі ел арасындағы шекара бекетінде ұзын-сонар кезек пайда болып, Қазақстан тарабы тексеру амалдарын күшейткен болатын.

XS
SM
MD
LG