Accessibility links

Атамбаев қырғыз-қазақ шекарасындағы жағдайды "шектен шығу" деп атады


Алмазбек Атамбаев, Қырғызстан президенті.
Алмазбек Атамбаев, Қырғызстан президенті.

"Қырғызстан президенті Алмазбек Атамбаев Қазақстанмен шекарада қалыптасқан жағдайды "шектен шығушылық" деп атады" деп хабарлайды Азаттықтың Қырғыз редакциясы. Атамбаев бұл жайында Баткенде әскери қызметкерлерге арналған үйдің ашылу салтанатында айтқан.

"Қазір мен Қырғызстанның облыстарын аралап, президент ретінде соңғы кездесулерімді өткізіп жүрмін. Кеше Ошта, алдыңғы күні Таласта болдым, бүгін Баткендемін. Әрине, осы күндері қырғыз-қазақ шекарасында Еуразия экономикалық одағының барлық келісімдері мен нормалары бұзылып жатқан шектен шығушылықты бақылап отырмын" деді Қырғызстан президенті.

Атамбаев "қырғыз халқының 3 мың жылдық тарихы барын" айтып, "мұндай халықтың үш күндік блокададан қорықпайтынын" мәлімдеген. "Үш мың жылдық тарихы бар халық, меніңше, үш күндік оқшаулаудан ешқашан қорықпайды және ақшаға, қысым мен қоқан-лоқыға бола шетелдің итаршыларын ешқашан сайламайды... Біз 2010 жылы да бір жарым ай блокаданы, халықтың қиналғанын көргенбіз. Біз бүгінгі заңсыздықтан да аман шығамыз, бірақ біз тәуелсіздігімізді қорғаймыз" деді Атамбаев.

10 қазаннан бері екі ел арасындағы шекара бекетінде ұзын-сонар кезек пайда болып, Қазақстан тарабы тексеру амалдарын күшейткен болатын. Мұның алдында, қазанның 7-сі күні Алмазбек Атамбаев Бішкек маңындағы Ала-Арча мемлекеттік резиденциясында ел азаматтарына мемлекеттік наградалар тапсыру рәсімінде сөйлеген сөзінде Қырғызстан президенті сайлауына қатысып жатқан жекелеген кандидаттармен бірге Қазақстан билігін де сынаған болатын.

Шекарадағы жағдайға қатысты ресми түсіндірме дер кезінде берілмей, жұрт жағдайды Атамбаевтың Қазақстан билігін сынауымен байланыстыратын болжамдар жасаған. 11 қазан күні кешке Қазақстан ҰҚК шекара қызметі "мемлекеттік шекара бойынша жоспарлы шекара операциясы жүргізіліп жатқанын" хабарлаған.

XS
SM
MD
LG