Атырау қаласы маңында жолда жүк көлігі мен жеңіл көлік соқтығысып, бес адам қаза тапты деп хабарлады Атырау облыстық ішкі істер департаменті.
Полицияның ақпаратына қарағанда, Mercedes-Benz маркалы көлігі мен жартылай тіркемесі бар МАЗ маркалы жүк көлігі Жұлдыз-3 шағын ауданындағы Атырау - Индер жолында соқтығысқан. Жергілікті "Мой Город" ақпараттық сайты жол апатынан жеңіл көліктің 29 жастағы жүргізушісі мен көліктегі төрт жолаушының қаза тапқанын хабарлады. Жүк көлігінің жүргізушісі зардап шегіп, ауруханаға түскен.
Mercedes-Menz көлігі Ақсай кентінен Атырауға, ал жүк көлігі Атыраудан Оралға бара жатқан.
Оқиғаға қатысты көлік құралын пайдалану немесе жол қозғалысы ережелерін бұзу бабы бойынша тергеу басталған.