Accessibility links

ЮНЕСКО басшылығына Франция өкілі сайланды


ЮНЕСКО бас директоры қызметіне жаңадан сайланған Одри Азуле.
ЮНЕСКО бас директоры қызметіне жаңадан сайланған Одри Азуле.

БҰҰ-ның білім, ғылым және мәдениет мәселелері жөніндегі ұйымы – ЮНЕСКО-ның жаңа бас директоры қызметіне Францияның бұрынғы мәдениет министрі Одри Азуле сайланды. Ұйымның атқарушы кеңесіндегі дауыс беру нәтижесі бойынша, 58 адамның 30-ы 45 жастағы Одри Азуленің кандидатурасына қолдау білдірген. Енді бұл шешімді 10 қарашада жұмысын бастайтын ЮНЕСКО бас конференциясы бекітуі тиіс. 2009 жылдан бері осы кезге шейін ұйым бас директоры болып Болгария өкілі Ирина Бокова істеген, ол аталған қызметке қатарынан екі мерзімге сайланған.

12 қазанда АҚШ келесі жылдың соңына дейін ЮНЕСКО құрамынан шығатынын жариялаған. Вашингтон ұйымды "Израильге қарсы бағыт ұстанады" деп айыптайды.

Израиль бұған дейін ЮНЕСКО-ны Иерусалимдегі немесе Палестина территориясындағы мәдени мұраларға қатысты дауда "біржақты шешім қабылдады" деп бірнеше рет айыптаған.

Израиль былтыр ЮНЕСКО Иерусалимнің шығысындағы Әл-Ақса мешіті орналасқан аумақты мұсылмандардың ғұрыптық орны деп көрсеткен қарар қабылдаған соң ұйымға мүшелігін тоқтатқан болатын. Аталған аумақты еврейлер Храм тауы деп атап, қастерлейді. ЮНЕСКО қарарында бұл орынға еврей халқының да байланысы бар екендігі көрсетілмеуі Израильдің наразылығын тудырған.

XS
SM
MD
LG