Accessibility links

Президент Трамп Иранмен жасалған "ядролық келісімді" бекітпеді


АҚШ президенті Дональд Трамп. Ақ үй, Вашингтон, 13 қазан 2017 жыл.
АҚШ президенті Дональд Трамп. Ақ үй, Вашингтон, 13 қазан 2017 жыл.

АҚШ президенті Дональд Трамп Иранмен жасалған "ядролық келісімді" бекітуден бас тартатыны туралы мәлімдеді. Жұма күні Ақ үйде сөйлеген сөзінде ол Тегеранды "келісім талаптарын орындап отырған жоқ" деп кінәлады. Сонымен бірге Трамп 2015 жылы әлемдік алты держава (5+1) мен Иран арасында жасалған саяси келісімнен АҚШ-тың толық шығып кетуі мүмкін екенін де жоққа шығармады. Аталған келісім бойынша Тегеран ядролық бағдарламасынан бас тартып, оның есесіне халықаралық қауымдастық Иранға салынған санкцияларды біртіндеп алуға уағдаласқан.

Президент Трамп Иранға қатысты ұстанымын қатаңдататынын айтып, бұл Тегеранды ядролық және зымыран бағдарламасын дамытып, Таяу Шығыстағы экстремистік топтарды қолдап отыр деп айыптады. Басты мақсат – Иранның ядролық қаруға ие болуына жол бермеу деп мәлімдеді Ақ үй басшысы.

АҚШ-тың "ядролық келісімнен" шығатыны туралы жарияламағанымен, Трамп бұған дейін конгреске Иранға қарсы салынған бұрынғы санкцияларды қайтадан күшіне енгізу мүмкіндігі туралы мәселені шешуге 60 күн уақыт берген. Ондай шешімнің қабылдануы Вашингтонның 2015 жылы Иранмен жасалған "ядролық келісімнен" шыққанын білдірмек.

Иранмен жасалған келісімге АҚШ-пен бірге қол қойған Ұлыбритания, Франция, Германия, Ресей мен Қытай БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесі мақұлдаған осы құжаттың орындалуын жақтайды.

XS
SM
MD
LG