Accessibility links

БАҚ: Дүтбаев пен інісіне "өзгенің мүлкін ұрлау" айыбы тағылды


ҰҚК-нің бұрынғы жетекшісі Нартай Дүтбаев. Алматы, 3 қаңтар 2013 жыл.
ҰҚК-нің бұрынғы жетекшісі Нартай Дүтбаев. Алматы, 3 қаңтар 2013 жыл.

Қазақстан ұлттық қауіпсіздік комитетінің бұрынғы басшысы, биыл қыркүйекте "мемлекеттік құпияны жариялаған" деген айып бойынша сотталған Нартай Дүтбаевқа енді "бөтеннің мүлкін ұрлаған" деген айып тағылғаны туралы бүгін Tengrinews сайты хабарлады. Ұлттық қауіпсіздік комитетінің (ҰҚК) ақпараты бойынша, Нартай Дүтбаев пен інісі Рүстембек Дүтбаевқа және тағы бір адам – Орынбасар Қалқабековке қатысты ҰҚК-нің "Казимпекс" республикалық орталығының мүлкін ұрлаған, мүлікті заңдастырған деген күдікпен тергеу ісі жүргізілген. Сонымен бірге олар "билікті теріс пайдаланған" деген күдікке іліккен. Астана соты 28 қыркүйекте ағайынды Дүтбаевтар мен Қалқабековты қамауға алу туралы шешім шығарған. Бұл іс бойынша тергеу амалдары 10 қазанда аяқталды деп хабарлаған ҰҚК.

11 қыркүйекте Ақмола гарнизонының әскери соты Нартай Дүтбаевты "мемлекеттік құпияны жариялаған" және "қызмет бабын асыра пайдаланған" деген айыптар бойынша жеті жарым жылға бас еркіндігінен және мемлекеттік қызметте лауазымды қызмет атқару құқығынан өмір бойына айырған. Осы іс бойынша Дүтбаетың екі туысы - күйеубаласы Нұрлан Хасен мен ағасының баласы Ерлан Нұртаев және Раис Мұратов есімді тағы бір адам сотталған. Жабық өткен соттың жай-жапсары белгісіз. Үкіммен келіспеген Дүтбаевтың берген апелляциялық шағымын 11 қазанда Астанадағы әскери сот қарай бастаған.

Нартай Дүтбаевтың қызы Анар Дүтбаева мен тұтқынның адвокаты Неғмат Есіргепов қылмыстық іс бойынша алғаш рет 20 қыркүйекте Facebook әлеуметтік желісінде комментарий беріп, Дүтбаевтың өзіне тағылған айыпты мойындамайтынын мәлімдеген.

Нартай Дүтбаевтың әйелі Халида Бичурина 4 қазанда Facebook пен YouTube-те Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа видео үндеу жариялаған. Ол ҰҚК жұбайын "күйеубаласы мен ағасының баласын қудалаудан құтқару үшін жасамаған қылмысын мойнына алуға мәжбүрлегені" туралы мәлімдеген.

XS
SM
MD
LG