Accessibility links

БАҚ: Манафорт Дерипаскадан 60 миллион доллар алған болуы мүмкін


Пол Манафорттың АҚШ президенттігіне кандидат Дональд Трамптың сайлау штабының жетекшісі болған кездегі суреті. Огайо, АҚШ, 17 шілде 2017 жыл.

Өткен жылы АҚШ президенті сайлауында кандидат Дональд Трамптың сайлау штабын басқарған Пол Манафорт ресейлік олигарх Олег Дерипаскадан жалпы сомасы 60 миллион доллардың несиесін алған болуы мүмкін. Бұл туралы америкалық NBC News телеарнасы хабарлады. Ақпаратта Манафортпен байланысы бар оффшорлық компаниялар британдық Виргин аралдарында тіркелген Дерипасканың иелігіндегі фирмалардан соңғы он жылдың ішінде үш рет миллиондаған соманың - 26, 7 және 27 миллион доллардың несиесін алғаны айтылған.

Манафорт пен Дерипаска арасындағы қаржы байланыстары туралы бұрын да хабарлар тараған, бірақ олардың қарым-қатынасының бүге-шігесі алғаш рет айтылып отыр.

Дерипасканың өкілдері әзірше телеарна мәлімдемесіне қатысты комментарий берген жоқ, ал Манафорттың өкілі "Манафорт мырза ресейлік үкіметпен жасырын мәміле жасаған емес" деп тағы да мәлімдеді.

68 жастағы Пол Манафорт 2016 жылғы АҚШ-тағы президенттік сайлау науқаны кезінде кандидат Дональд Трамптың төңірегінің ресейліктермен байланыстарын тексеру ісіндегі негізгі тұлғалардың бірі саналады. Осы уақытқа дейін оған ешқандай айып тағылған жоқ.

Былтыр наурызда Трамптың сайлауалды штабы басшысы болып тағайындалған Манафорт сол жылғы тамыздың ортасында, Украинаның экс-президенті Виктор Януковичпен саяси және іскерлік байланыстарының жай-жапсары анықталғаннан кейін Трамптың сайлау штабы басшылығынан отставкаға кетуге мәжбүр болған.

XS
SM
MD
LG