Байқоңыр ғарыш айлағынан бүгін Ресейдің "Союз-2.1а" зымыран тасығышымен "Прогресс МС-07" жүк таситын ғарыш кемесі ұшырылды деп хабарлайды ақпарат агенттіктері. Астана уақыты бойынша сағат 14:46 кезінде ұшырылған жүк кемесі арада он минутқа жуық уақыт өткенде Жер орбитасына шыққан.
Әуелгіде "Прогресс МС-07" жүк кемесін ұшыру 12 қазанға жоспарланған еді. Бірақ, ұшуға бір минуттай уақыт қалғанда зымыранның автоматты жүйесі қозғалтқышты ажыратып тастаған. Бұдан соң зымыранды ұшыру 14 қазанға шегерілген.
"Прогресс МС-07" халықаралық ғарыш станциясына екі жарым тоннадан астам жүк, оның ішінде отын, су мен газ, ғылыми тәжірибе жүргізуге арналған құралдарды және станцияда жұмыс істеп жатқан экипажға арналған өзге де заттарды жеткізеді. Жүк кемесі халықаралық ғарыш станциясына 16 қазанда түйіседі деп жоспарланған.