Accessibility links

Қырғыз ОСК-сі: сайлау нәтижесін бұрмалауға жол жоқ


Қырғызстан ОСК-сі төрайымы Нұржан Шайлдабекова.
Қырғызстан ОСК-сі төрайымы Нұржан Шайлдабекова.

Қырғызстанда президент сайлауы өтіп жатыр. Орталық сайлау комиссиясы "таңғы сағат сегізде елдегі барлық сайлау учаскелерінің барлығы ашылғанын хабарлады".

Қырғыз ОСК-сі төрайымы Нұржан Шайлдабекованың ақпаратына қарағанда, 14 қазан күні түрлі себептермен сайлау учаскелеріне келе алмайтын азаматтардың дауыс беруі ұйымдастырылған.

- Бұл күні бірнеше заң бұзу оқиғалары тіркелді. Бұл фактілер бойынша құқық қорғау органдарына арыз берілді. Олар туралы нақты ақпараттарды кейінірек береміз, - деді Шайлдабекова​.

ОСК төрайымы биометрикалық мәліметтері бар азаматтар дауыс бере алатынын мәлімдеді. Нұржан Шайлдабекова қырғызстандықтарды дауыс беру процедурасын бұзбауға шақырды.

- Таза сайлау өткізу өз қолымызда тұр. Біздің тарапымыздан сайлаушылардың еркін дауыс беруіне барлық жағдай жасалды. Сайлау нәтижесін бұрмалау немесе құрастыруға ешқандай негіз жоқ. ОСК мүшелерінің қолында сайлау нәтижесіне әсер ететіндей ешқандай тетіктер мен факторлар жоқ. Дауыс беру құпиясын да мемлекет толық қамтамасыз етеді. Сондықтан, азаматтық таңдауларыңызды жасаңыздар, - деді төрайым.

ОСК төрайымы ОСК мүшелеріне де үндей жасап, «азаматтардың олардан адал жұмысты талап ететінін» ескертті.

- Сіздер өздеріңіз де білесіздер. Бұл өте маңызды сайлау, түрлі арандату болуы мүмкін, ондай арандатуға ермеңіздер, процедураларды бұзбаңыздар, - деді Нұржан Шайлдабекова.

Ол әріптестеріне "заң бұзудың соңы қатаң жазаға ұласатынын" айтты.

Қырғызстан ОСК-сінің мәліметіне қарағанда, елде ашылған 2375 сайлау учаскесінде 5370 автоматтандырылған санау жәшіктері тұр.

Дауыс беру процедурасы кешкі сағат сегізде аяқталады. Бұл сайлауда 3 миллион 25 мың 768 қырғызстандық дауыс береді.

XS
SM
MD
LG