Қырғыз президенті сайлауына түсіп жатқан кандидат Темир Сариев сайлау науқаны кезінде "күйе жағудың" көп болғанын айтты.
Бұл туралы «Ак шумкар» (Ақ сұңқар) партиясының лидері дауыс беруге келген кезінде мәлімдеді. Осы ретте ол кандидаттарды ұстамдылық пен сыпайылыққа шақырды.
- Сайлаудың насихат кезеңінде үлкен дау-жанжалдар болды. Жала шелектеп жауды. Мен кандидаттарды ұстамдылық пен сыпайылыққа шақырамын. Ол ойындардың кесірінен елде бірдеме болып кеткенін қаламаймын. Бұл сайлау бүгін түнде аяқталуы керек, - деді Сариев.
Темир Сариев "екі жағдайда сайлау нәтижесін бұрмалау болуы мүмкін" дейді. Оның бірі - "бюджет мекемелерінде жұмыс істейтіндерді белгілі бір кандидатқа дауыс бергізу", екіншісі - "дауыстарды сатып алу". Ал бюллетеньдерді топтап салу мен сайлаушыларды бір учаскеден екіншісіне тасу жойылған. Өйткені, Қырғызстанда сайлаушылардың биометрикалық мәліметтері бар.
Бүгін Қырғызстанда президент сайлауы өтіп жатыр.