Accessibility links

Қырғыз қауіпсіздік қызметі "бүлік ұйымдастыру" күдігімен экс-депутатты ұстады


(Көрнекі сурет)
(Көрнекі сурет)

Қырғызстанның ұлттық қауіпсіздік мемлекеттік комитетінің (ҰҚМК) баспасөз қызметі 15 қазан күні «2017 жылы 15 қазандағы сайлаудан кейін мемлекеттік ғимараттарды басып алу мақсатында жаппай тәртіпсіздіктер ұйымдастыру фактісі бойынша күдіктіні ұстағандарын» хабарлады.

Арнайы қызмет таратқан релизде «Жогорку Кенештің экс-депутаты, бұрын қару-жарақ пен жарылғыш заттарды заңсыз сақтап сотталған К.Шайымбетов Қырғызстан президенті сайлауы кезінде және одан кейін, бір кандидат жеңілген жағдайда жаппай тәртіпсіздіктерге белсенді қатысу туралы бір топ адаммен алдын ала сөз байласқан» деп жазылған. ҰҚМК ақпаратына қарағанда, "К. Шайымбетов өзінің және жақтастарының қылмыстық жоспарын іске асыру және жаппай тәртіпсіздіктерге қатысу, Қырғызстанның мемлекеттік ғимараттарын басып алу мақсатында кейінгі бірнеше күн барысында белсенді түрде қару-жарақ іздестірген".

14 қазан күні К.Шайымбетов пен басқа да тұлғаларға қатысты "Жаппай тәртіпсіздіктер ұйымдастыруға дайындалу", "билікті күшпен басып алу", "қару-жарақ пен жарылғыш заттарды заңсыз алу" баптары бойынша қылмыстық іс қозғалған. Қазір күдіктілер қамалып, тергеу басталған.

Редакциядан: К. инициалы мен Шайымбетов фамилиясы Жогорку Кенештің тағы бір экс-депутаты (1990-1994 жылдары депутат болған) Казыбек Шайымбетовтің аты-жөніне ұқсайды. Ол кезінде Чолпон-Атадағы мемлекеттік резиденцияны басқарған әрі қазір өтіп жатқан президент сайлауына қатысуға өтініш берген.

XS
SM
MD
LG