Accessibility links

Меркель мен Мэй: Иранмен келісімнен шықпаймыз


Ұлыбритания премьер-министрі Тереза Мэй (сол жақта) мен Германия канцлері Ангела Меркель.
Ұлыбритания премьер-министрі Тереза Мэй (сол жақта) мен Германия канцлері Ангела Меркель.

Ұлыбритания премьер-министрі Тереза Мэй мен Германия канцлері Ангела Меркель Иранмен жасалған ядролық келісімді сақтайтындарын мәлімдеді. Бұл туралы олар 15 қазанда телефонмен сөйлескен кезінде білдірді. Ангела Меркель мен Тереза Мэй Иранның аймақтағы "тұрақтылықты шайқайтын белсенді әрекеттерін" азайту үшін бұдан ары келісе іс-қимыл жасау қажетін айтты.

13 қазанда АҚШ президенті Дональд Трамп Тегеранның ядролық келісім талаптарын орындап отырғанын растай алмайтынын айтып, келісімге күмән келтірген.

Иран сыртқы істер министрі Мохаммад Жавад Зариф осыған байланысты егер Вашингтон 2015 жылы жасалған келісімге сай санкцияны жоюдан бас тартса, онда Тегеранның келісімнен шығуы мүмкін екенін мәлімдеген. Зарифтің сөзінше, Тегеран "Еуропаның Дональд Трампқа қарсылығынан нәтиже шығатынынан" үмітті. Министр еуропалық әріптестері келісімді орындаса, Иран да оны сақтай беретінін айтты.

Иранмен ядролық келісім 2015 жылы АҚШ-тың сол кездегі президенті Барак Обаманың тұсында алты мемлекет - БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің тұрақты бес мүшесі және Германиямен бірге жасалған.

Келісім бойынша, Иран МАГАТЭ инспекторларын өзінің ядролық нысандарын тексеруге жіберіп, ядролық қару жасау бағдарламасын тоқтатуы тиіс болған. Мұның есесіне Иранға салынған халықаралық санкциялар біртіндеп жойылуы керек болған.

Дональд Трамп сайлауалды кампианиясында келісімді "АҚШ тарихындағы ең нашар келісім" деп атап, президент болып сайланса одан шығуға уәде берген.

XS
SM
MD
LG