Қазақстан парламенті сенатының спикері Қасым-Жомарт Тоқаев Twitter-де Қырғызстанда 15 қазанда өткен президент сайлауына қатысты пікір білдірді. Тоқаев пікірін алдын ала мәлімет бойынша Социал-демократиялық партия (СДП) кандидаты Сооронбай Жээнбеков сайлауда алда келе жатқаны хабарланған тұста білдірді.
"Достас Қырғызстанның президенті болып тәжірибелі саясаткер, Қазақстанмен жан-жақты ынтымақтастықтың маңыздылығын түсінетін С.Жээнбеков сайланды" деп жазды Тоқаев 16 қазанда Twitter-де.
Қырғызстан Орталық сайлау комиссиясының (ОСК) соңғы мәліметі бойынша, Жээнбековті сайлаушылардың 50 пайыздан астамы (917 мыңнан аса) қолдап дауыс берген.
Жээнбековтің сайлаудағы басты қарсыласы саналған "Республика - Ата-Журт" фракциясының жетекшісі, өзін-өзі ұсынған Омурбек Бабанов екінші орында келеді. Ол сайлаушылардың 564 мыңнан астам даусын (35 пайыздан аса) иеленген. ОСК мәліметі бойынша, сайлауға дауыс беру құқығы бар азаматтардың 55,93 пайызы қатысқан.