"Қырғызстан президентін сайлаудың ресми нәтижелері бір аптаның ішінде жарияланады" деп мәлімдеді Орталық сайлау комиссиясының мүшесі Бақтияр Кадыров.
Оның айтуынша, дауыстар қолмен саналып жатыр. Қазір сайлау учаскелеріндегі мәліметтердің 99 пайызы саналды. Комиссияға шетелдегі 37 учаскенің және Қырғызстандағы үш учаскенің дауыстары түсуі тиіс.
"Әлі түспеген мәліметтер сайлаудың түпкілікті нәтижесіне әсер етпейді" деді Қадыров.
16 қазанда сағат 11:30-дағы мәлімет бойынша, Социал-демократиялық партия кандидаты Сооронбай Жээнбеков сайлауда 54,81 пайызын дауыс жинаған. Оның қарсыласы, парламенттегі "Республика - Ата-Журт" фракцияның жетекшісі Омурбек Бабанов 33,74 пайыз дауыс алған.
Сайлауға 1 миллион 692 мың 423 сайлаушы немесе дауыс беру құқығы бар сайлаушылардың 55,93 пайызы қатысқан.