Accessibility links

Назарбаев Жээнбековті құттықтап, жеделхат жолдады


Сооронбай Жээнбеков Қырғызстан премьер-министрі болып тұрған кезінде Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевты әуежайдан күтіп алып тұр. Бішкек, 14 сәуір 2017 жыл.
Сооронбай Жээнбеков Қырғызстан премьер-министрі болып тұрған кезінде Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевты әуежайдан күтіп алып тұр. Бішкек, 14 сәуір 2017 жыл.

"Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев Қырғызстан президенттігіне кандидат Сооронбай Жээнбековті "президент болып сайлануымен" құттықтап, жеделхат жолдады" деп хабарлады Ақорданың баспасөз қызметі. Назарбаев Жээнбеков басқаратын Қырғызстанның жаңа табыстарға жететініне сенім білдірді.

"Мен Қазақстан мен Қырғызстан арасындағы өзара ынтымақтастыққа құрылған қарым-қатынастың бұдан ары да екі ел игілі үшін дами беретініне сенімдімін. Сізге жауапкершілік жүктелетін мемлекеттік қызметте денсаулық және табыс, ал бауырлас қырғыз халқына ашық аспан және амандық тілеймін" делінген жеделхатта.

Қырғызстан Орталық сайлау комиссиясының мәліметінше, іс басындағы президент Алмазбек Атамбаевтың саяси серігі Сооронбай Жээнбеков 15 қазанда өткен президент сайлауында 54 пайыздан астам дауыс жинады. Оның басты қарсыласы Омурбек Бабанов сайлаушылардың 34 пайызға жуық даусын иеленді.

Сайлаудың алдын ала нәтижелері шыққан соң Жээнбеков журналистердің "Нұрсұлтан Назарбаевқа көзқарасыңыз қалай?" деген сұрағына "Ынтымақтастық орнатқан мемлекеттер мен президенттерге құрметпен қараймын" деп жауап берген.

XS
SM
MD
LG