Accessibility links

Киевте оппозиция Саакашвилимен бірге парламентке барды


Украина оппозициялық күштерінің Жоғарғы Рада маңындағы наразылық акциясы. Киев, 17 қазан 2017 жыл.

Грузияның бұрынғы президенті, Одесса облысының бұрынғы губернаторы, "Жаңа күштер қозғалысы" партиясының жетекшісі Михаил Саакашвили мен оның он саяси күш пен қозғалыстан жиналған жақтастары Киевте Жоғарғы Рада алдында "үлкен саяси реформалар" жүргізу жөнінде "Бүкілукраиналық жиын" акциясын өткізіп жатыр. Акцияға қосылғандар қатарында Львов мэрі Андрей Садовойдың "Самопомощь" партиясы, Юлия Тимощенконың "Батькивщина" партиясы, экс-қорғаныс министрі Анатолий Гриценконың "Азаматтық ұстаным" қозғалысы, Олег Тягнибоктың оңшыл радикалдық "Свобода" партиясы, Андрей Билецкийдің "Ұлттық корпус" қозғалысының өкілдері. Ұйымдастырушылардың мәліметінше, демонстранттар саны кем дегенде бес мыңға жетеді.

Жоғарғы Рада мен үкімет кварталын күш құрылымдарының қызметкерлері қоршауға алған. Парламент ғимаратын полиция мен ұлттық гвардия сарбаздары екі қатар боп қоршап тұр.

Жоғарғы Рада алдындағы Конституция алаңына митингіге шыққандар украин билігіне үш талап қойып отыр. Олар - коррупцияға қарсы сот құру, депутатардың қол сұғылмаушылық құқығын жою және сайлау туралы жаңа заң қабылдау. Демонстранттар сайлаудың мажоритарлық жүйесін жойып, ашық партиялық тізім арқылы сайлау жүйесін енгізуді талап етеді. Қазір Украинада сайлаудың аралас мажоритарлық-пропорционалдық жүйесі жұмыс істейді.

Акцияға қатысушы Рада депутаттары митингіде көтерілген барлық мәселені 17 қазанның екінші жартысында парламент қарауына ұсынатындарын мәлімдеді.

Михаил Саакашвили наразылық акциясындағы басты тұлға ретінде өзінің талаптарын да қойды. Ол коррупциямен ымырасыз күрес жүргізуді, президент Петр Порошенкодан өзінің активтерін ашық саудаға шығаруды, Украина Орталық сайлау комиссиясының құрамын жаңартуды, халыққа электр энергиясының бағасын арзандатуды талап етті. "Егер халықтың бұл әділетті талаптарын ескермесеңіздер, онда азаматтар сіздерден биліктен кетуді талап ете алады" деді Саакашвили украина билігіне ғана емес, Порошенконың жеке өзіне де қарата.

Кеше Харьковте коррупцияға қарсы күштердің жиынында "Жаңа күштер рухы" партиясының жетекшісі Украина билігі өзінің көзін жоюға әрекеттеніп жатқанын мәлімдеген. "Олардың менен құтылғысы келіп отырғанын анық білемін. Олар мені әлсіретіп, депортациялап, тіпті өлтіре де салуы да мүмкін, ол мәселе емес! Мен одан қорықпаймын" деді Саакашвили.

Украина қауіпсіздік қызметі шамамен осы уақытта Киевтегі демонстрация кезінде радикалды көңіл-күйдегі адамның арандату жасауға дайындалғанын, атыс қаруын қолданбақ болғанын хабарлады.

16 қазан күні кешке украин телеарналары Украина қауіпсіздік қызметінің "Саакашвилидің жақтастары мен олардан қару тәркіленгені" түсірілген видеосын көрсеткен. Украина ішкі істер министрлігінің кеңесшісі Зорян Шкиряк 17 қазандағы наразылық акциясын қаржыландыруға Ресей президентінің танысы, "Украина таңдауы" қозғалысының жетекшісі Виктор Медведчук пен ресейлік олигарх Константин Григоршиннің қатысы бар болуы мүмкін деп мәлімдеген. Наразылықты қаржыландырушылар қатарында қуғындағы украин олигархы Игорь Коломойскийдің де аты аталады. Саакашвилидің өзі мұндай тұжырымды "сандырақ" деп атап, "олигархтармен ешқашан сөз байласпайтынын" мәлімдеді.

Украина азаматтығынан айырылған Саакашвили 10 қыркүйектеПольша территориясынан жақтастарының қолдауымен Украинаға өткен. Қыркүйектің соңында Львов соты Саакашвилиді мемлекеттік шекараны заңсыз кесіп өтті деп айыптап, айыппұл салған. 11 қыркүйекте Саакашвили Украинаның мемлекеттік миграциялық қызметіне өзіне саяси баспана беру туралы өтініш түсірген.

AzattyqTV

XS
SM
MD
LG