Accessibility links

Астанада "Благодать" шіркеуіне 453 мың теңге айыппұл салынды


Жақсылық Жүзгенов, "Благодать" шіркеуі бас пасторының орынбасары. Астана, 10 қазан 2017 жыл.
Жақсылық Жүзгенов, "Благодать" шіркеуі бас пасторының орынбасары. Астана, 10 қазан 2017 жыл.

Астананың мамандандырылған ауданаралық әкімшілік соты сәрсенбіде жергілікті "Благодать" пресвитериан шіркеуінің әкімшлік құқық бұзушылық туралы заңның 149-бабы 1-бөлімі бойынша заң бұзғаны туралы қаулы шығарды. Діни бірлестік "терроризмге қарсы қорғану міндетін орындамағаны және террорлық тұрғыдан әлсіз нысанның қауіпсіздігін тиісті деңгейде сақтай алмады" деп айыпталды. Сот бірлестікке 200 айлық есептік көрсеткіш (453 мың теңгеден астам) көлемінде айыппұл салды.

"Благодать" шіркеуі бас пасторының орынбасары Жақсылық Жүзгенов Азаттыққа діни бірлестік соттың бұл қаулысына шағымданып көретінін айтты. Оның сөзінше, шіркеу үшін 200 айлық есептік көрсеткіш - үлкен сома.

Бүгінгі сотқа Астана қалалық ішкі істер департаментінің экстремизмге қарсы іс-қимыл басқармасының өкілдері келді. Олардың бірі шіркеу ғимараты "террорлқ тұрғыдан әлсіз нысандар" қатарында екенін және жылдың басында ІІД мұндай нысандардың барлығының иелеріне бұл туралы хат жолдағанын айтты. Пастор ешқандай хат алмағанын айтты. Сотта ол 2015 жылы шіркеу бірінші болып "Терроризмге қарсы іс-қимыл туралы" заң жайлы естіп, білгенін және шіркеу ғимаратының типтік құжатын дайындай бастағанын айтты.

- Сол жылы ғимараттың құжатын дайындап, Астананың ішкі істер департаментіне апардық. Ол жерде бұл заңның бізге қатысы жоғын айтты. Ол заңда "200 адамнан бастап" деген пункт бар, ал бізде 160 отыратын орын бар. Сосын олар "Бұл сіздерге қажет емес" деді. Биыл олар қыркүйектің 9-ы күні келіп, талапты орындау керегін айтты. 16 қыркүйекте тексеруге келіп, оның барысында ұйғарым жасап кетті, - деді Жақсылық Жүзгенов.

9 қыркүйекте "Благодать" шіркеуін полиция тексеріп, ұйғарым жазып кеткен, ал 27 қыркүйекте терроризмге қарсы іс-қимыл туралы заңның бұзылғаны туралы акт толтырылған. Полиция тексеруде "нысанның терроризмнен қорғанышы туралы типтік құжаты бекітілмегенін", шіркеуде қызметкерлерге алдын алу және оқу-жаттығу шаралары жүргізілмегенін, күш құрылымдары және шіркеу өкілдерімен бірге техногенді сипаттағы қауіп-қатерлердің алдын алу қимылдары жасалмағанын анықтаған. Полицияның мәліметінше, шіркеуде бейнебақылау камераларындағы жазбаларды сақтау талабы орындалмайды. Заң бойынша, бейне бақылау каераларындағы жазба кем дегенде 30 тәулік сақталуы тиіс.

XS
SM
MD
LG