Accessibility links

Сарапшы: Киров қоймасының суын жіберуге шекарадағы жағдайдың қатысы жоқ


Қырғызстанның Талас облысындағы Киров су қоймасы.
Қырғызстанның Талас облысындағы Киров су қоймасы.

Қырғызстанның Талас облысындағы Киров су қоймасында жөндеу жұмыстары басталуының Қазақстан мен Қырғызстан арасындағы қазіргі жағдайға қатысы жоқ және су қоймасындағы судың жіберілетіні туралы алдын ала ескертілген. Бұл жайында Азаттыққа Қазақстанның ауыл шаруашылығы министрлігіне қарасты су комитетінің сарапшысы Мүсілім Жиенбаев хабарлады.

Кеше Қырғызстанның ауыл, су және тамақ өнеркәсібі министрлігі жөндеу-қалпына келтіру жұмыстары жүргізілетініне байланысты 18 қазанда Талас облысы Кара-Буура ауданындағы Киров қоймасының суы толығымен жіберілетінін хабарлаған.

Азаттық осы мәселеге байланысты комментарий берген ауыл шаруашылығы министрлігіне қарасты су комитетінің сарапшысы Мүсілім Жиенбаевтың айтуынша "Киров су қоймасының жөнделетініні туралы Қазақстанға алдын-ала айтылған".

- Алдын-ала келісілген, жоспарлы жөндеу жұмыстары. Осыған байланысты судың төменгі сағасында барлық шаралар жүзеге асырылып жатыр. Қазақстан суды өткізу мәселесінің барлығын бақылауда ұстап отыр. Төмендегі елдімекендерді су алу қаупі жоқ, - дейді ол.

Мүсілім Жиенбавтың сөзінше "қазір Киров су қоймасында 20 миллион текше метр шамасында су бар. Бірақ қойма судан толық босатылмайды. Оның 10 миллион текше метрі су қоймасында қалғаннан кейін жөндеу жұмыстары жүргізіле береді. Жөндеу жұмыстары жұмыстың ауқымына қарай 10-15 күнге созылуы мүмкін. Жөндеу аяқталған соң көктемгі егіске қажеті суды қайта жинай бастайды".

Мүсілім Жиенбаевтың айтуынша, Киров су қоймасындағы су қазір барынша азайған, сондықтан жөндеуге ыңғайлы уақыт болып саналады.

Су қоймасының жөндеу жұмыстары Қазақстан мен Қырғызстан шекарасында туындаған мәселемен тұспа-тұс келуі ақпарат құралдары мен әлеуметтік желілерде түрлі болжамдар тууына негіз болған.

Мұндай болжамдарда Киров су қоймасынан судың жіберілуі Қазақстанның шекарадағы бақылау-тексеруді күшейткені, Қырғызстанның кейбір компанияларының Қазақстанға әкелетін сүт өнімдеріне тыйым салуы, Қазақстандағы қырғыз еңбек мигранттарын тексеруді күшейтуіне жауап шара болуы мүмкін делінген.

Киров су қоймасындағы судың 12 пайызын Қырғызстан, ал қалғанын Қазақстан пайдаланып келген. Қырғызстандағы бұл қойма 1975 жылы салынған.

Қырғызстан ресми билігінің Азаттыққа бұрын берген мәліметтерінде Киров су қоймасы 550 миллион текше метр суға арналғаны айтылған.

Қырғызстанда 2010 жылы көктемде Құрманбек Бакиевті биліктен тайдырған революция кезінде Қазақстан шекарадағы бақылауды күшейткен еді. Осы кезде Қырғызстандағы "Киров су қоймасының суы жіберілуі мүмкін", "Киров су қоймасы жарылған" дейтін түрлі жорамалдар тараған. Осыған байланысты Жамбыл облысының тұрғындары арасында дүрбелең туған.

XS
SM
MD
LG