Accessibility links

ОҚО: Індет ошағының ашылу қаупінен төтенше жағдай жарияланды


Батырғали Сопбеков, Оңтүстік Қазақстан облыстық төтенше жағдайлар департаменті басшысының орынбасары. Шымкент, 18 қазан 2017 жыл.
Батырғали Сопбеков, Оңтүстік Қазақстан облыстық төтенше жағдайлар департаменті басшысының орынбасары. Шымкент, 18 қазан 2017 жыл.

Оңтүстік Қазақстан облысы Сайрам ауданы Қарамұрт ауылдық округінде "сібір жарасы" індетінің қоздырғышы көмілген орынды Ақсу өзені шайып кетуі мүмкін болғандықтан төтенше жағдай жарияланды. Бұл туралы Азаттыққа Оңтүстік Қазақстан облыстық төтенше жағдайлар департаменті басшысының орынбасары Батырғали Сопбеков бүгін облыс әкімдігінде өткен брифингте айтты.

- Оңтүстік Қазақстан облысы Сайрам ауданы Қарамұрт ауылдық округі 117 кварталында Ақсу өзенінің жағалауынан 18 метр қашықтықта 1987 жылы "сібір жарасы" қоздырғышы көмілген. Аталған қауіпті аймақты қорғау мақсатында Ақсу өзенінің 200 метр жағалауы темірбетонмен оқшауланған болатын. Жер пайдаланушы субъектілерінің тас-құм қоспаларын заңсыз өндіруі және көктемгі жауын-шашынның мол түсуі салдарынан Ақсу өзенінде су көлемі күрт көтеріліп, тосқауыл бұзылып, өзен арнасының ағысы көмілген жерге қарай бұрылған, - дейді облыстық төтенше жағдайлар департаменті басшысының орынбасары Батырғали Сопыбеков.

Оның мәліметі бойынша, Ақсу өзені 133 километрді құрайды, арнасы Сайрам ауданынан бастау алады. Су өтімділігі секундына 100 текше метр. Биылғы жауын-шашыннан өзеннің арнасы өзгерген.

- Арнаның бұрынғыдан біраз өзгергені бізді алаңдатты. "Сібір жарасы" - өте қауіпті инфекция. Егер өзен суы шайып кетсе, Ақсу өзені Арыс өзеніне, Арыс өзені Сырдария өзеніне құяды. Оңтүстік Қазақстан облысымен бірге Қызылорда облысына қауіп төнеді. Шымкент қаласы ауызсуды Сайрам аудынандағы су қоймасынан алынады, - дейді Сопыбеков.

Облыс әкімдігінің бас маманы Мейіркүл Батырбекова 18 метр қашықта тұруы тиіс "сібір жарасы" көміндісіне Ақсу өзені қазір сегіз метр жақын тұрғанын айтады.

- Қауіптің алдын алуға облыс бюджетінен 101 миллион теңге бөлінді. Құрылыс жұмыстары қазан айының соңына дейін жалғасады, - дейді ол.

XS
SM
MD
LG