Accessibility links

Сағынтаев: Қырғызстанмен шекарадан өту тәртібін белгіледік


Бақытжан Сағынтаев, Қазақстан премьер-министрі.

Қазақстан мен Қырғызстан үкіметтері қазақ-қырғыз шекарасынан өтудің тәртіптерін белгіледі. Қазақстан премьер-министрі Бақытжан Сағынтаевтың мәлімдеуінше, бұл туралы екі ел премьерлері мен үкімет делегацияларының 18 қазанда өткізген келіссөзінде уағдаластық жасалған.

Келіссөзде екі жақ 19 қазан сағат 00:00-ден бастап екі ел ел шекарасында, әсіресе Қордай өткізу бекетінде жеке жүгі бар жекелеген адамдарды, тұрақты жолаушылар тасымалдайтын көліктерді, жеңіл көліктерді, бос кетіп бара жатқан жүк көліктерін бірінші кезекте өткізіп жіберуге келіскен.

Түн ортасына дейін созылған келіссөзге Қырғызстан премьер-министрі Сапар Исаков бастаған үкімет делегациясы мен Қазақстан премьер-министрі Бақытжан Сағынтаев бастаған үкімет мүшелері қатысты. Келіссөзде экономикалық проблемалар талқыланды.

"Біз біріншіден, екі жақты экономикалық қарым-қатынасты талқыладық. Олар екі елдің шекара, транспорт, фитосанитарлық және ветеринарлық бақылау салаларындағы өзара іс-қимылына қатысты, сонымен қатар кеден және салық процесін Еуразия эконоикалық одағы (ЕАЭО) мен Дүниежүзілік сауда ұйымының (ДСҰ) тиісті нормалары мен ережелеріне сай басқаруға қатысты мәселелер қаралды" деді Сағынтаев.

Бақытжан Сағынтаев келіссөзде Қазақстанның кеден органдары Қытайдан тауар жеткізетін қырғыз тасымалдаушыларының Қазақстаннан транзит арқылы өткен кедендік рәсімдеуді дұрыс толтырмайтынын анықтап жатқанын айтты.

Келіссөз қорытындысында екі ел премьер-министрлерінің бірінші орынбасарлары төрағалық жасайтын жұмысшы тобын құрып, ол топ бес жұмыс күні ішінде бірлесіп жол картасын дайындауға шешім қабылданған. Тараптар жол картасын қабылдаған соң жасалған келісімдерді толық орындауға міндеттелмек.

Қырғызстандағы сайлау алдында және одан кейін елдің президенті Алмазбек Атамбаев қазақстандық әріптесі Нұрсұлтан Назарбаевты сынап, бірнеше мәлімдеме жасаған. Мұндай наразылыққа Назарбаевтың Қырғызстандағы сайлау алдында президентікке кандидаттардың бірімен кездескені себеп болған. Бұдан соң Астана қазақ-қырғыз шекарасынан өту тәртібін қатайтып, қырғызстандық әскериді тұтқындап, ал Бішкек Талас су қоймасының суын жіберетінін ескерткен.

Қырғызстандық тауар тасымалдаушылары шекарадағы тәртіптің қатаңдатылуы салдарынан туындаған бөгелістен тауарлары шекарада тұрып қалып, шығын тартып жатқандарын мәлімдеген.

AzattyqTV

Аудиоподкаст

XS
SM
MD
LG