Ресейлік тележүргізуші Ксения Собчак Ресей президенті қызметіне өзін ұсынғанын ресми түрде жариялады. Тележүргізуші бес жылдан бері оппозиционерлермен бірге екенін, ондаған мың адам өзгерісті талап етіп митингке шыққанымен, елде оң өзгерістер болмай отырғанын айтты.
"Ұрылар мен жемқорлар өтірік айтуын, ал билік басындағылар ұрлауын доғарар емес" деп мәлімдеді Собчак. Ол президенттік сайлауға қатысу арқылы сайлаушыларға "барлығына қарсы дауыс беру" мүмкіндігін ұсынуды көздейді. "Ксения Собчак – барлығына қарсы үміткер" деп мәлімдеді тележүргізуші өзі туралы.
Собчактың президент сайлауына үміткер болатыны қыркүйек айының басында белгілі болған. БАҚ мәліметіне қарағанда, тележүргізуші президент Владимир Путин әкімшілігінің рұқсатымен сайлауға бара жатыр.
Собчактың өзі Кремльмен келісімі бар дегенді жоққа шығарды. Сайлауға қатысқысы келетін оппозиционер Алексей Навальный тележүргізушіні сынап, "карикатура сипатындағы либерал үміткер" деп атады. Собчак Навальныйды оппозицяның ыдырауына кінәлі деп сынап, "күш біріктіруге" шақырды.
Петербургтың бұрынғы басшысы Анатолий Собчактың қызы 2004 жылдан бері ТНТ телеарнасының "Дом-2" шоуын жүргізген. Жақында Собчактың әкесі туралы деректі фильм түсіретіні, оған Ресей президенті де қатысатыны белгілі болды.
Кремль Собчактің сайлауға қатысу ниетін "конституцияға толық сай келетінін" мәлімдеді. Ресей президентінің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков Собчакты "талантты адам" деп атады.