Accessibility links

Қазақстан шекарасында ұсталған қырғызстандық әскери 1 айға қамалды


Қазақ-қырғыз шекарасындағы "Қордай" бекеті. 11 қазан 2017 жыл

Қазақ-қырғыз шекарасында ұсталған Қырғызстан Қарулы күштері бас штабының подполковнигі У. А. бір айға қамалды.

Қырғызстан Қарулы күштері бас штабының хабарлауынша, Қазақстанның Қордай аудандық соты қырғыз әскери қызметкерін тергеу аяқталғанша қамауда ұстау туралы шешім шығарды.

Бас штаб мәліметі бойынша, подполковник 15 қазанда қырғыз-қазақ шекарасындағы "Ақ-Жол автокөлік жолы" тексеру және өткізу пунктінде Қазақстан шекарашылары ұстаған. Алдын ала мәліметке қарағанда, одан есірткі табылған.

Подполковник "Мызғымас достастық-2017" әскери оқуларына бара жатқан. Қырғызстан Бас штабы бұл оқиғаға қатысты қызметтік тексеру жүргізіп жатыр.

Қырғызстан президенті Алмазбек Атамбаевтың Қазақстан билігін сынап сөйлеген мәлімдемесінен соң 10 қазаннан бері қазақстандық шекара қызметі "Қордай" бекетіндегі өткізу пункттерінде бақылауды күшейткен. Мұның соңы шекарадан өтушілерді іркілтіп, қиындыққа душар еткен.

AzattyqTV

XS
SM
MD
LG