Accessibility links

Сот шенеуніктің Таукинаға қатысты шағымын екінші рет қарамай тастады


Журналист әрі құқық қорғаушы Розлана Таукина соттың жарыссөз кезеңінде сөәлеп тұр. Алматы, 19 қазан 2017 жыл.

Алматының Бостандық аудандық сотының судьясы Аида Әбілмәжінова Алмалы ауданы әкімінің орынбасары Ермек Бейсеуовтің журналист әрі құқық қорғаушы Розлана Таукинаға қатысты шағымы бойынша шешім шығарды. Осымен Ермек Бейсеуовтің шағымын сотта екінші рет қарау алғашқы инстанцияда аяқталды және ол екінші рет Таукинаның пайдасына шешілді.

- Ермек Бейсеуовтің талап-арызын қанағаттандырудан бас тартылсын. Ермек Бейсеуовтен маман қызметіне төленген 12 мың теңге көлемінде қаржы өндіріп алынсын, - деді судья Әбілмәжінова. Судья шешіміне бір ай ішінде шағымдануға болатынын айтты.​

19 қазанда өткен сот отырысының басында филолог маман Рахила Қарымсақованың сараптамалық қорытындысы тыңдалған. Оның тұжырымы бойынша, сараптама жасалған Таукинаның мақаласында жәбірленушінің абыройы мен қадыр-қасиетін және іскерлік беделін қаралайтын мәлімет жоқ.

Бұдан соң сот жарыссөз кезеңіне өтіп, онда Розлана Таукина ғана сөйледі. Сотқа шағымданушы Ермек Бейсеуов пен оның өкілі Сәния Аңлауысова қатысқан жоқ. Сотқа сонымен қатар Таукинаның қорғаушылары Маржан Аспандиярова мен Ғалия Әженова да келмеді. Бірақ олар жарыссөзге арналған сөзін жазып беріп жіберген. Оны Таукина сотқа табыстады.

Жарыссөзде Таукина Бейсеуов сотқа мақаласының түпнұсқасын немесе оның нотариус куәландырған көшірмесін ұсына алмағандықтан өзіне қарсы шағымды қарауға негіз жоғын айтты.

Ермек Бейсеуов өзінің "абыройы мен қадыр-қасиеті және іскерлік беделін қорғау туралы" шағымында соттан 2016 жылы 20 қыркүйекте Rezonans.kz сайтында жарияланған "Дом с химерами" деген тақырыптағы мақалада келтірілген мәліметтерді шындыққа сәйкес келмейді деп тануды сұраған. Шенеунік сонымен қатар жауапкер Таукинаны өзінің "абыройы мен қадыр-қасиеті және іскерлік беделін қаралайтын" мәліметті терістеуге міндеттеуді талап еткен.

10 тамызда Алматының апелляциялық соты Бостандық аудандық сотының 9 маусымда Бейсеуовтің Таукинаға шағымын қарамау туралы ұйғарымын жойып, істі алғашқы инстанцияның қайта қарауына жолдаған.

19 қазандағы сотқа Қазақстан кинологтар одағының президенті Светлана Құдайқұлова қатысты. Ол сотта бейсенбі күні Бостандық аудандық сотының кеңсесіне Розлана Таукинаға қарсы Ермек Бейсеуовтікіне ұқсас шағым түсіргенін айтты. Судья Әбілмәжінова Құдайқұлованың сотқа бақылаушы ретінде қатысуына рұқсат берді.

  • 16x9 Image

    Қазис ТОҒЫЗБАЕВ

    Қазис Тоғызбаев Азаттықтың Алматыдағы тілшісі ретінде 2008 жылдан бері жұмыс істеп келеді. Оппозициялық "Сөз" және "Азат" газеттерінде, kub.info сайтында тілші болған.

AzattyqTV

XS
SM
MD
LG