Ташкенттің ішкі істер бас басқармасы қаладағы барлық колледж бен лицейді жаппай тексеруге кірісті. Басқарма басшысы Баходир Курбановтың айтуынша, бұл шара таяуда Ташкенттегі заң колледжі аумағында болған студенттердің пышақтасу оқиғасына байланысты басталып отыр.
"Заң колледжінде мұндай факт қайдан шықты? Бұл - колледж басшылығының Өзбекстан заңдарын, барлығы мойындаған ережелерді қабылдамауы" деді Курбанов. Оның сөзінше, "егер мектепте кесетін және шаншитын тым болмағанда бір зат табылса, онда дабыл қағу керек деген сөз".
6 қазанда Ташкенттегі заң колледжінде студенттер арасында кикілжің болып, бір студент өзге екі студентке пышақ салған. Пышақталған екеуі ауруханаға түсіп, біреуі көп қан жоғалтып, қайтыс болған. Тексеру нәтижесінде колледж басшылығының іс-әрекетінде заң бұзу болғаны анықталып, 7 қазанда колледж директоры қызметінен босатылған.