Accessibility links

Ақтөбедегі форумда мұнай мен газ ұрлығын тоқтату жайы талқыланды


Ақтөбеде өткен "Мұнай мен газдың көлеңкелі айналымы мәселелері" деп аталатын аймақаралық форум. 20 қазан 2017 жыл. Сурет Ақтөбе облыстық әкімдігінің баспасөз қызметінен алынды.

Ақтөбе облысында қазір мұнай ұрлығына қатысты 17 қылмыстық іс тергеліп жатыр. Күш құрылымдарының дерегінше, тек соңғы екі жыл аралығында ғана Кеңқияқ кенішінен 8 мың тонна мұнай ұрланған. Бұл туралы 20 қазанда Ақтөбеде өткен "Мұнай мен газдың көлеңкелі айналымы мәселелері" деп аталатын аймақаралық форумында айтылды.

Форумды ашқан Бердібек Сапарбаев мұнай мен газдың көлеңкелі айналымы Ақтөбе облысы ғана емес, жалпы Қазақстан үшін де өзекті мәселе деп санайтынын айтты.

- Бұл ұлттық қауіпсіздік пен тұрақтылыққа тікелей қатысы бар мәселе. Мұнай мен газдың көлеңкелі айналымының ақыры баршаға аян, ол – бюджет кірісін жоғалту, ақша қаражатының елден кетуі, халықтың тұрмыс жағдайының төмендеуі, инвестициялық жағдайдың нашарлауы. Осының бәрі мемлекеттік және үкіметтік бағдарламалардың орындалуына қауіп төндіреді, - деді Сапарбаев.

Әкімнің айтуынша, "мұнай ұрлығымен айналысатын ұйымдасқан қылмыстық топтар радикалдарды да қаржыландырып келген".

Ақтөбеде өткен аймақаралық форумға бас пркуратураның, президент әкімшілігінің, ҰҚК, ішкі істер министрлігінің өкілдерімен қатар Қазақстанның батыс аймағының әкімдері мен прокурорлары қатысты.

Бас прокурордың орынбасары Андрей Лукиннің айтуынша, 2015 жылдан бері өндіріліп, өңделген және экспортқа шығарылған мұнай көлемінің арасында 2 миллион тонна айырмашылық бар.

- Бұл дегеніміз 600 миллион долларға жуық қаржы. Энергетика министрлігі бұған назар аударуы тиіс, - дейді Лукин.

Аймақаралық форумда кеніштерде мұнайдың автоматтандырылған есептеу құрылғысынсыз өндірілетіні туралы да айтылды. Сонымен қатар, ұңғымалардағы күзеттің осалдығы да көлеңкелі айналымға әсер етіп отырған бірден бір фактор ретінде айтылды.

Аймақаралық форумдағы талқылаудың қорытындысы бойынша мұнай және газдың көлеңкелі айналымына қарсы жеті кешенді шараны қамтитын қорытынды құжат жасалды.

- Біріншісі, мұнай және газды есепке алу жүйесін жетілдіру, электронды сауда алаңы арқылы көмірсутектерін сату, мемлекеттік кіріс органдарының мұнай өнімдерінің барлық түрлерінің айналымы бойынша бақылауы болып табылады. Екіншіден, мұнайды және газды технологиялық жоғалтуларды анықтау мен есепке алу процестерін және өз қажеттіліктері үшін жұмсауды реттеу керек, - деді Андрей Лукин.

Бұдан өзге, мұнай ұрлығы мәселесін шешетін шаралардың қатарында кен орнын қорғау бойынша заманауи технологияларды енгізу, мұнай өнімдерін ұйымдастыру стандарттарын бекіту және зерттеу рәсімдерін регламенттеу, ұрланған мұнайдың заңдастырылуына жол бермеу, мұнай мен газ тасығыштардың пайдаланылуын қадағалау, жауапкершіліктің құқықтық шараларын, шекаралық кеден бақылауын жетілдіру, халықаралық серіктестікті дамыту бар.

Пікіріңіз

Оқырман пікірлері

AzattyqTV

Аудиоподкаст

XS
SM
MD
LG