Accessibility links

Қазақстан құрамасын жарыстан шеттету жайлы IWF шешімі күшіне енді


Қазақстандық ауыр атлет Илья Ильин 2008 жылғы Пекин олимпиадасында.
Қазақстандық ауыр атлет Илья Ильин 2008 жылғы Пекин олимпиадасында.

Халықаралық ауыр атлетика федерациясының (IWF) үш немесе одан да көп спортшылары допингке қарсы заңды бұзған Армения, Әзербайжан, Беларусь, Қазақстан, Қытай, Молдова, Ресей, Түркия және Украина ұлттық құрамаларын ресми жарыстарға қатысудан бір жылға шеттету туралы шешімі күшіне енді. Бұл туралы ақпарат IWF сайтында жарияланды. Онда ұлттық құрамалар 21 күннің ішінде халықаралық федерация шешіміне қарсы шағым бере алатыны айтылған.

30 қыркүйекте Бухаресте өткен кезектен тыс жиынында IWF атқару комитеті жоғарыда аталған тоғыз елдің ұлттық құрамаларын жарысқа қатысудан бір жылға шеттету туралы шешімді бірауыздан қолдаған.

Бұған дейін ауыр атлетикадан Қазақстан ұлттық құрамасының мүшелері тыйым салынған препараттар пайдаланғаны үшін 2008 жылы Пекинде және 2012 жылы Лондонда өткен олимпиада ойындарында иеленген бес алтын, бір күміс және бір қола жүлдеден айырылған.

Оқыңыз: Допингпен ұсталғандар саны үш есеге артқан

2016 жылы маусымда Тбилисиде өткен жиында IWF атқару комитеті спортшылары 2008 жылғы Пекин олимпиадасы мен 2012 жылғы Лондон олимпиадасында допинг қолданған ұлттық федерацияларға қарсы жаңа шараларын жариялаған. Оған сәйкес, үш немесе одан да көп спортшылары допингке қарсы заңды бұзғаны үшін ұлттық құраманы жарыстан бір жылға шеттету туралы шешім қабылданған.

XS
SM
MD
LG