Accessibility links

Семейде қымбатшылыққа қарсы митингі өтіп жатыр


Ертіс өзеніндегі аспалы көпір. Семей қаласы, 26 тамыз 2013 жыл. (Көрнекі сурет.)
Ертіс өзеніндегі аспалы көпір. Семей қаласы, 26 тамыз 2013 жыл. (Көрнекі сурет.)

Шығыс Қазақстан облысындағы Семей қаласында бүгін қымбатшылыққа қарсы митингі басталды. Бұл туралы Азаттыққа наразылық акциясына қатысушы жергілікті белсенді Кенжебек Сұлтанбеков хабарлады. Оның сөзінше, қала әкімдігі рұқсат еткен митингі өтеді деп белгіленген Полковничий аралына баратын көпірде бүгін таңертең шұғыл "жөндеу жұмыстары" басталған.

"Көпір үстіне үлкен автокран қойылғандықтан аралға көлікпен бару мүмкін болмай қалды. Жиын басталатын уақытта аралға жиырма шақты адам ғана жаяу жетті. Көпірдің алдында және аралда олардан саны екі-үш есе көп полиция қызметкерлері жүр", - дейді белсенді.

Кенжебек Сұлтанбеков қымбатшылыққа қарсы митингі белгіленген уақыт - сағат 11:00-ден сәл кештеу басталып, жалғасып жатқанын айтты.

Шараны ұйымдастырушылардың бірі зейнеткер Шәкербану Мырзаханованың Азаттыққа айтуынша, митингіде сөйлеген белсенділер мен қарапайым азаматтар шикізат қорына бай Қазақстанда тұрғындардың әлеуметтік жағдайы төмен деңгейде қалып отырғанын, азық-түлік пен қызмет түрлері бағасы қымбаттап, зейнетақы мен жәрдемақының мөлшері аз екендігін айтып, наразылық білдірген.

Бұған дейін жалпыхалықтық социал-демократиялық партиясының жергілікті ұйымы мен білсенділер 21 қазанда Семейдің орталық алаңында митингі өткізуге рұқсат сұрап, қала әкіміне өтініш берген. Бірақ олар сұраған алаңда "жөндеу жұмыстары" жоспарланғанын алға тартқан қала әкімдігі бастамашыл топқа митингіні орталықтан қашық жерде – Полковничий аралында өткізуді ұсынған.

XS
SM
MD
LG