Accessibility links

СІМ: Бішкек қазақ жәрдемінен бас тартатыны жайлы ресми хабарлаған жоқ


Қазақстан мен Қырғызстан тулары.

Қазақстан сыртқы істер министрлігі Қырғызстан үкіметінің Қазақстан бермек болған 100 миллион АҚШ доллары көлеміндегі қаржылай жәрдемнен бас тартуға ниетті екені туралы ақпаратқа қатысты комментарий берді деп хабарлады Tengrinews сайты.

"Қырғызстан үкіметі Қазақстанмен жасалған техникалық көмек жөніндегі келісімнен бас тарту бастамасын көтеруге ниетті екені туралы кейбір бұқаралық ақпарат құралдарындағы жарияланымдар назарымызға ілінді. Қырғызстан тарапынан ресми ақпарат түскен жоқ", - деген Қазақстан сыртқы істер министрлігі.

Министрліктің хабарлауынша, 18 қазанда Астанада өткен екі елдің үкімет басшыларының келіссөздері кезінде бұл мәселе қозғалмаған.

20 қазанда Қырғызстан үкіметі Жогорку Кенешке Қазақстанның қырғыз жағына 100 миллион АҚШ доллары көлеміндегі қаржылай көмек беретіні жөніндегі келісімнің күшін жою туралы заң жобасын жолдағаны мәлім болды. Азаттыққа бұл туралы қырғыз вице-премьері Дуйшенбек Зилалиев айтқан. Оның сөзінше, қырғыз тарабы көмекке мұқтаж емес.

Қазақстанмен жасалған келісімнен бас тарту туралы заң жобасын Қырғызстан парламентіне сол елдің экономика министрі Артем Новиков таныстырады деп хабарланды. Парламент құжатты кезектен тыс қарамақшы.

Қазақстанның Қырғызстанға 100 миллион доллардың жәрдемін беретіні туралы келісімге былтыр Санкт-Петербургте өткен Жоғарғы Еуразия экономика кеңесінде қол қойылған. Жәрдем беру туралы уағдаластық одан бұрын жасалғанымен, құжатқа қол қою созылып келген еді.

Қазақстан тарабы алғашқы транш ретінде жөнелтуі тиіс 41 миллион долларды Қырғызстан үкіметі кеден, көлік, өрт қауіпсіздігі, денсаулық сақтау, санитарлық бақылау инфрақұрылымын жақсартуға жұмсауы керек болған.

AzattyqTV

XS
SM
MD
LG