Accessibility links

Минскіде "ашулы беларустар" шеруі өтті


 "Ашулы беларустар маршы 2.0" наразылық акциясына қатысушылар. Минск, 21 қазан 2017 жыл.
"Ашулы беларустар маршы 2.0" наразылық акциясына қатысушылар. Минск, 21 қазан 2017 жыл.

Беларусь астанасында сенбі күні оппозиция өткізген "Ашулы беларустар маршы 2.0" акциясына 200-ге жуық адам қатысты деп хабарлайды Азаттықтың Беларусь қызметі. Рұқсат етілмеген шеруге шыққандар көлік жолына шықпай, жаяуларға арналған бөлігімен жүріп өткен.

Акция оппозициялық саясаткер, президенттікке экс-кандидат Николай Статкевичтің бастамасымен өткен. Оны өткізуге биліктен рұқсат алмаған. Алайда Статкевич наразылық шарасы өтетіні туралы алдын ала ескерткен.

Қарсылық акциясына қатысушылар биліктен "арамтамақтар туралы" заңды жоюды, еңбекақы мен зейнетақыны көбейтуді, армиядағы әлімжеттікпен күресуді талап еткен. Беларусь бұқаралық ақпарат құралдары Минскідегі қарсылық акциясына аймақтардан қосылмақ болған белсенділердің ұсталғаны туралы хабарлады.

Беларусь президенті Александр Лукашенко 2015 жылы "Әлеуметтік масылдықтың алдын алу туралы" жарлық шығарғаннан кейін елде "арамтамақ салығы" енгізілген. Заңға сәйкес, жұмыссыз ретінде ресми тіркелген азамат 170 еуроға жуық ақша төлеуі тиіс. Биыл ақпан мен наурыз айларында Беларусь тұрғындары "арамтамақ салығына" қарсы жаппай акциялар өткізген. Минскіде ақпандағы қарсылық шеруіне үш мыңға жуық адам шыққан. Ел астанасы мен өзге де аймақтарда наразылық акциялары өткеннен кейін президент Лукашенко салық төлеу мерзімін келесі жылға қалдырған. Наразылар даулы салықты біржола жоюды мақсат етеді.

XS
SM
MD
LG