Accessibility links

Чехия парламенті сайлауында миллиардер Бабиштың партиясы озды


Андрей Бабиш.
Андрей Бабиш.

Чехия парламентінің төменгі палатасын сайлауда миллиардер Андрей Бабиш басқаратын "Наразы азаматтар акциясы" (ANO) қозғалысы сайлаушылардың 29 пайызының қолдауын ие болып, жеңіске жетті. Екінші орында оңшыл центристік Азаматтық демократиялық партия тұр.

Бұл жолғы сайлау қорытындысы бойынша парламентке тоғыз партия өткен, бұрын-соңды чех парламентінде мұншама көп партия болған емес. Олардың арасында Пираттар партиясы, оңшыл популист Томио Окамураның SPD партиясы, коммунистер және еуропашыл ұстанымдағы бірнеше партия бар. Бақылаушылар бұл сайлауда Андрей Бабиштың қозғалысы тәрізді популистік күштер алға озып, дәстүрлі саяси партиялардың жолы болмағанын айтады.

Сайлауда жеңіске жеткен ANO Еуропа Одағының көші-қон саясатын қатаңдатуға шақырып, босқындарды Еуроодақ елдеріне квотамен бөліп орналастыру жүйесіне қарсы ұстанымымен танымал.

Чехия президенті Милош Земан Бабишке жаңа үкімет жасақтауды тапсырады деген болжам бар. Бірақ, парламентке өткен партиялардың кейбірі жаңа кабинет туралы келіссөздерге қатысудан бас тартып отыр. Олар Бабишты авторитарлық тәсілге жүгінеді деп сынайды. Сонымен бірге жақында Бабишке қарсы қаржы алаяқтығы айыбы бойынша қылмыстық іс қозғалған.

XS
SM
MD
LG