Грузияда биліктегі "Грузин арманы" партиясы жергілікті сайлауда жеңіске жетті. Орталық сайлау комиссиясының алдын ала мәліметі бойынша, сенбі күні өткен муниципалдық органдар сайлауында миллиардер Бидзина Иванишвилидің "Грузин арманы" партиясы Тбилиси мен басқа да өңірлерде бәсекелестерінен айқын басымдылықпен озған.
Оппозициялық күштер, соның ішінде экс-президент Михаил Саакашвилидің "Біртұтас ұлттық қозғалысы" да билік партиясынан аз дауыс алған. "Милан" футбол клубының бұрынғы ойыншысы әрі Грузияның бұрынғы энергетика министрі Кахабер Каладзе Тбилиси қаласының мэрі болып сайланған. Биліктегі "Грузин арманы" партиясы жетекшілерінің бірі, бұрынғы танымал футболшы Каладзе сайлаудың бірінші кезеңінде 51 пайыздан сәл артық дауыс жинап, жеңіске жеткен. Билік партиясының кандидаты Тбилисидегі мажоритарлық округтердің барлығында бәсекелестерінен озған. Партиялық тізім бойынша "Грузин арманы" 53 пайыздан көп дауыс алған, оның басты бәсекелесі, оппозициялық "Біртұтас ұлттық қозғалысына" дауыс беруге қатысқан сайлаушылардың 18 пайызға жуығы қолдау білдірген.
Грузияның өзге өңірлерінде де сайлау қорытындысы осыған ұқсас: мэр сайлауы өткен "өзін-өзі басқаратын" бес қаланың төртеуінде билік партиясының кандидаттары алғашқы турда жеңіске жеткен. Ал Кутаиси қаласында сайлаудың екінші туры өтеді.