Accessibility links

Қырғыз парламентінің комитеті Қазақстан көмегінен бас тартуды қолдады


Қазақстан мен Қырғызстан тулары.
Қазақстан мен Қырғызстан тулары.

Қырғызстан Жогорку Кенешінің бюджет және қаржы комитеті Қазақстанның Қырғызстанға көмек ретінде беретін 100 миллион доллар қаржысын алудан бас тарту туралы заң жобасын мақұлдады деп хабарлады Азаттықтың Қырғыз редакциясы. Заң жобасы енді палатаның қарауына жолданған.

Қазақстан сыртқы істер министрі Қайрат Әбдірахманов бүгін Астанада үкімет отырысынан соң Азаттық тілшісіне қырғыз тарапының 100 миллион доллар көмектен тартатынын "БАҚ-тан ғана естіп отырғанын", өздеріне ресми түрде хабарланбағанын айтты.

20 қазанда Қырғызстан үкіметі Жогорку Кенешке Қазақстанның қырғыз жағына 100 миллион АҚШ доллары көлеміндегі қаржылай көмек беретіні жөніндегі келісімнің күшін жою туралы заң жобасын жолдаған. Қырғыз вице-премьері Дуйшенбек Зилалиев Азаттыққа қырғыз тарабы көмекке мұқтаж емесін, қаржы көздерін бюджеттен немесе қазынадан тыс жерлерден іздейтіндерін айтқан.

Қазақстанның Қырғызстанға 100 миллион доллардың жәрдемін беретіні туралы келісімге былтыр Санкт-Петербургте өткен Жоғарғы Еуразия экономика кеңесінде қол қойылған. Жәрдем беру туралы уағдаластық одан бұрын жасалғанымен, құжатқа қол қою созылып келген еді.

Қазақстан тарабы алғашқы транш ретінде жөнелтуі тиіс 41 миллион долларды Қырғызстан үкіметі кеден, көлік, өрт қауіпсіздігі, денсаулық сақтау, санитарлық бақылау инфрақұрылымын жақсартуға жұмсауы керек болған.

XS
SM
MD
LG